Қоғам

Заңсыз такси жүргізушілерді тексеру шаралары күшейеді – ережеге өзгеріс енгізілді

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак такси на автомобиле
Знак такси на автомобиле - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұған дейін бақылаушылар тексеріске полицейлермен бірге шығатын. Енді заң бұзған көлік жүргізушілерді өз бетімен анықтай алады

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Қазақстанда көлік инспекциясының өкілеттілігі кеңейеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, жақын арада көліктік бақылау бекеттерінің жұмысы туралы ережеге енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Сол кезде көлік инспекциясының өкілеттілігі кеңейеді. Атап айтқанда, бұған дейін инспекция қызметкерлері сан алуан рейдтік және шұғыл алдын алу шараларын полицейлермен бірге өткізсе, енді барлық тексерісті өздері жүргізе алады.

Бақылаушылар ресми такси жүргізушілерді де, заңсыз жолаушы тасымалдайтын көліктерді де тексереді. 

"Рейд кезінде заңсыз тасымалдаушылар жиналатын жерлерге баса назар аударылады. Соның ішінде базарлар, теміржол мен автовокзал алаңдары, ірі сауда және ойын-сауық орталықтары және тағы басқа орындар бар. Таксидің белгісі бар, я болмаса, баратын жері жазылған тақтайша  ілінген көліктер бірден тексеріледі. Сондай-ақ, жолаушыларды шақырып жататын жүргізушілер болады. Оған да назар аударылады", - дейді комитет мамандары.

Олардың айтуынша, такси жүргізушілерді тексеру үшін жол учаскесін жабу сияқты шаралар қарастырылмаған. Рейдке көліктік инспекциямен бірге мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары да шығады.

Заң күшіне енді: такси жүргізушілер неге чек беріп жатқан жоқ 

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабына сәйкес, көліктік бақылау қызметкерлерінің талабына бағынбағаны үшін 30 АЕК (83 340 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бір жылдың ішінде тәртіпбұзушылық қайталанса, көлік жүргізуші 6 айға куәлігінен айырылады.

Жаңалықтар
0