НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 8 қарашада дезинфекция жүргізілуіне байланысты қоғамдық көлік бір күнге тоқтатылады. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Дүйсенбі күні, 9 қарашада автобустар қайтадан қатынайды.
"Қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Автобустарға бетпердесіз кіруге тыйым салынады. Жол ақысы тек қолма-қол ақшасыз төленеді", - деп түсіндірді компания.
Оқи отырыңыз: Оралда түнгі уақытта көлік қозғалысына шектеу енгізілді
Еске сала кетейік, елордадағы қоғамдық көлік жолаушыларына ыңғайлы болу үшін төлем жасаудың бірнеше әдісі мен тарифтер қарастырылған:
- көлік әмияны – ақшаны көлік картасына аудару;
- көлік билеті – бұл 10 сапарға арналған қағаз көлік картасы;
- "SMS арқылы төлем жасау" - ұялы байланыс операторы арқылы жол ақысын қолма-қол ақшасыз электронды түрде төлеудің қосымша қызметі;
- "QR-код арқылы төлем жасау" - жолаушының банк картасымен байланысқан мобильдік қосымша арқылы немесе абоненттік нөмірдегі теңгерімнен аудару арқылы төленеді;
- бірлескен брендтік карта - жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесінде пайдалануға арналған көлік картасының интеграцияланған чипі бар жеке банктік карта.
Сонымен қатар, "ауысып отыруға болатын 15 сапар", "ауысып отыруға болатын 30 сапар" тарифтері бар. Ауысып отыру 60 минуттың ішінде қолжетімді.