Экономика

Қазақстанда жалақы қарызы 1 миллиард теңгеге жетті

© Photo : pixabay/Andrew KhoroshavinКошелек
Кошелек - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қарыздың көлемі жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Алматы Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да жағдай мәз емес

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Жыл соңына дейін тағы 18,5 мың адам жұмыстан босатылады. Алайда қазіргі жағдайды ескерсек, бұл санаттағы жұмысшылардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бұл туралы сенатор Андрей Лукин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша жалақы қарызының жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жеткен. Ол ақша 3,4 мың жұмысшыға төленбей отыр. Қарыздың көлемі жағынан Алматы қаласы (125,8 миллион) көш бастап тұр. Алматы (118,6), Батыс Қазақстан (109,3) және Шығыс Қазақстан (105,9) облыстарында да жағдай мәз емес.

Мұғалімдерге жалақы дұрыс төленбеген: 119 миллион теңге қайтарылды

Ал талдау кезінде маңызды мәселелер анықталған. Атап айтқанда,  536,3 миллион теңге қарыз болған 50 кәсіпорын жұмыс істеп тұрған жоқ. Соның 42-сі банкротқа ұшырапты. Бұдан бөлек, 16 кәсіпорын 115,4 миллион теңгені төлей алмайды. Қарызды жабуға мүлкі де жоқ. Ал 34 кәсіпорын бойынша сот даулары созылып кеткен. Олар жұмысшыларға 455,62 миллион теңгенің жалақысын төлеп беруі тиіс.

"Осыған байланысты әлеуметтік наразылық пен еңбек жанжалдарының туындау қаупіне мониторинг жасау қажет. Сосын әрбір кәсіпорын бойынша "әлеуметтік тұрақтылық индексін" және проблеманы шешу жолдарын анықтап алған жөн. Ал жұмыс істеп тұрғандардың ішінде қала құраушы және ірі кәсіпорындарға баса назар аудару қажет. Себебі ол жердегі жағдай аймақтың саяси-қоғамдық ахуалына әсер етеді", - деді Лукин сенаттың жалпы отырысында.

Бүгінде карантиндік шектеулерге байланысты 46 780 жұмысшы жартылай жұмыс күні, ақылы және ақысыз демалыс сияқты икемді жұмыс кестесіне ауыстырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамына сәйкес, жыл соңына дейін тағы 18,5 мың адам жұмыстан босатылады.

"Алайда қазіргі жағдайды ескерсек, осы санаттағы жұмысшылардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сондықтан ондай кәсіпорындарды алдын ала анықтап, жұмыс орындарын сақтауға арналған жаңа меморандумдарды рәсімдеу керек. Ал жұмыссыз қалған адамдарға "2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында жылдам жұмыс табуына жағдай жасаған жөн", - деп түйіндеді Лукин.

Сенатор премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, тиісті шараларды қолға алуды сұрады.

Жаңалықтар
0