НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда бір күнде екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған жас жігітті полицейлер құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел басқару орталығына 14:20-да жас жігіттің Алаш тас жолы бойындағы көпір үстінен секіруге ұмтылғаны туралы хабарлама түсті. Куәгердің айтуынша, көпірден секірмек болған жігітті оны қасынан өтіп бара жатқан адам құтқарып қалған.
Оқиға орнына келген патрульдік полиция экипажының қызметкері Данабек Сағындық пен Нұрбол Нұржігітов көпір қоршауының жиегінде төмен қарай секіргелі тұрған жігітті көрген.
Видеода әңгімеге тартқандай кейіп танытып жақындаған полицейлер санаулы секунт ішінде, жігітті ұстап, қауіпсіз жерге алып шықты.
Осылайша, тәртіп сақшыларының үйлесімді және жедел әрекет етуінің нәтижесінде бір адамның өмірі сақталды.
Оқи отырыңыз: Бас имам: суицид жасағандарды бөлек жерлеуге әуелде тұрғындар қарсы болды
Өзіне қол жұмсамақ болған 21 жастағы астаналық жігіт қосымша тергеу үшін Байқоңыр аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оның эмоционалды жағдайын тұрақтандыру үшін психолог әңгімелесіп, кәсіби тұрғыда көмек көрсетілді.