Қоғам

Алматының жол қозғалысында қандай өзгеріс болады

© Sputnik / Серикжан КовланбаевУлица Панфилова в Алматы
Улица Панфилова в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы полициясы жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіруге және жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға қатысты арнайы жоба ұсынды

АЛМАТЫ, 5 қараша - Sputnik. Алматы полициясының басқармасы 2020-2023 жылдарға арналған жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру және жол қауіпсіздігін арттыру бойынша кешенді жоспар әзірледі. Ол қазіргі таңда мегаполисте қордаланған бірқатар мәселені шешуге көмектеседі.

Жоспар бес бөлімнен тұрады, деп хабарлайды Polisia.kz. Онда жол қозғалысын ұйымдастыру тиімділігін арттыру, жаяу жүргіншілер, көше-жол инфрақұрылымын, көше-жол желісін жөндеу және қайта жаңарту қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ, автотұрақ алаңын дамыту мәселелері қамтылған. Қазір жоба біртіндеп жүзеге асырыла бастады. 

"Қазіргі таңда жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл қиылыстардағы жол қозғалысын реттеу, көлік қозғалысы статистикасын есептеу, мамандандырылған автокөлік құралдарын бірінші кезекте өткізу секілді тетіктерді қамтамасыз етеді", - деді Алматы қалалық полиция басқармасының бастығы Қанат Таймерденов.

Оның айтуынша, бағдаршам тұрған нысандарды заманауи еуропалық құрал-жабдықтар мен көлік  детекторларын қолдана отырып, онлайн режимінде басқару қиылыстардың өткізгіштік қабілетін 18-20%-ке арттыруға және көлік құралдары аялдамаларының санын 20-40%-ке азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жол қозғалысына қатысушылардың уақытын айтарлықтай деңгейде үнемдеп қана қоймай, атмосфераны ластайтын зиянды заттар мөлшерінің 25-35%-ке төмендеуіне және жол апаттары санының 20% -ке азаюына ықпал етеді. 

Қалалық полиция бастығы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де назар аударды. Таймерденовтың айтуынша, қазіргі таңда қалада реттелетін 73 жаяу жүргіншілер өткелі жұмыс істейді.

"2021 жылы біз жаяу жүргіншілерді қағып кетудің алдын алатын және жолдан өту қауіпсіздігін  қамтамасыз ететін тағы да 70 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі тетігін іске қосуды ұсынып отырмыз", - деді Қанат Таймерденов.

Қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа да заманауи құралдарын орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алматыда сегіз жаңа жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі пайда болады. Қазіргі таңда олардың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтар
0