АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қонаевқа арналған шулы ескерткішке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ескерткішке байланысты түсініспеушілік пайда болды. Бұл жобаның бастамашысы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қоры және демеушілер. Таңғы жетіде танысым хабарласып, маған фотоларды жіберді. Әрі қарай олардың ескерткішті жасағаны, ешқандай рұқсат алмағаны анықталды. Бақанас ауылында саябаққа қойыпты", - деді облыс әкімі.
Айтуынша, содан кейін облыс әкімі аудан әкіміне осы істі шешуге тапсырма берген.
"Жоба түпнұсқаға сәйкес келмейді. Мүлде ұқсамайды. Бұған дейін де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арнап Талдықорғанда бюст орнаттық. Өте әдемі шықты. Біз ескерткішті қою үшін республикалық комиссияның рұқсатын алуымыз керек. Содан кейін ғана мүсінді жасауға, оны орнатуға кірісуге болады. Ал бұл жерде бәрі керісінше болды", - деді Баталов.
Сол себепті ескерткіш қойылған жерге арнайы адамдар жіберіліп, жұмыстар тоқтатылған. Енді барлығы орнына келтіріліп, қажетті барлық рұқсатты алғаннан кейін жұмыс жалғасады.
"Бұл істі өзім мұқият қарадым. Ауданның, облыстың әкімдігі ешқандай бұзушылық жасамаған. Ал бұл жобаның бастамашысы – қор, мен оларды жауапқа тарта алмаймын. Олай істеуге болмайды. Бәрін заң аясында істеу керек екені оларға сабақ болады. Дінмұхамед Ахметұлына ескерткіш орнатып жатқанда, қарау керек еді", - деді Баталов.
Сондай-ақ, Амандық Баталов бұл іске қатысты кімді жазалау керек екенін білмейтінін жеткізді.
Қонаев ескерткіші
Айта кетейік, 20 қазанда әлеуметтік желіде Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің фотосы мен видеосы тарады. Мүсіншілер мен желі қолданушылар жаңа монументті сынға алды. Оның талғамсыз жасалғанын жазды.
Бұдан соң облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға бюджеттен ақша бөлінбегенін хабарлады. Барлығы демеушілер қаржысына жасалған.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ескерткішін Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы Қонаев саябағына орнатуды Балқаш аудандық әкімдігі ұсынған.
Облыстың мәдениет басқармасының хабарлауынша, 2020 жылдың 15 қазанында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнату жөніндегі барлық тиісті құжат тексерілді. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссия мақұлдады. Содан кейін барлық тиісті құжат Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді.
Алайда 20 қазанда әлеуметтік желі арқылы Қонаевтың ескерткіші мемлекеттік комиссия шешімін күтпестен орнатылғаны белгілі болды.