Өңірлер

Үкімет Түркістанды 2035 жылға дейін дамыту жоспарын бекітті

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиМузей имени Ходжа Ахмета Яссауи в Туркестане
Музей имени Ходжа Ахмета Яссауи в Туркестане  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бас жоспарға сәйкес Түркістанда қала тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құру жоспарланып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Қазақстан үкіметі Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының жобасын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы 2018 жылдың қыркүйегінде мақұлданған болатын.

Үкімет басшысы Асқар Мамин қысқа мерзімде нақты жұмыс атқарылғанын атап өтті. Түркістанның мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталықтарының, көлік және инженерлік инфрақұрылымы, тұрғын үйлер аймағының құрылысы қарқынды жүргізілді.

"Жалпы, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгеннен бері қаланың негізгі капиталына 400 миллиард теңге инвестиция құйылды. Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы біршама ұлғайды – 3 мың гектарға жуық. Сонымен қатар, қала тұрғындарының саны 176 мыңға дейін өсті, 2025 жылға қарай қала халқының саны 250 мыңға дейін, ал 2035 жылға қарай 350 мыңға дейін жететін болады", - деді премьер-министр үкімет отырысында.

Ол қарқынды дамып келе жатқан қаланың барлық мұқтаждығы Түркістан қаласын дамыту бойынша ұсынылып отырған жоспарда ескерілгенін айтты. Құжат қала тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға мүмкіндік береді.

Ұсынылған жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен, орталық мемлекеттік органдармен келісілді. Қала инфрақұрылымын дамытудың тиісті схемалары әзірленді.

"Жоспарды қабылдау - Түркістан қаласының алдағы уақытта дамуының нақты бағытын белгілейді", - деді Мамин.

Үкімет мүшелері Түркістанды дамытудың бас жоспары жобасын қолдап дауыс берді.

Түркістан қалай өзгереді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қала шекарасына өзгерістер енгізу арқылы бастапқы қала аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға өзгертілді.

Қала халқы 2025 жылы – 250 мың адам; 2035 жылы – 350 мың адам; 2050 жылға қарай 500 мың адамға жетеді деп жоспарланған.  

Қала жобасы мынадай функционалдық аумақтарға бөлінеді:

  • Әкімшілік-іскерлік орталық;
  • Рухани-мәдени орталық;
  • Қалыптасқан тұрғын аудандар;
  • Жаңа құрылыс аудандары мен алаңдары;
  • Өндірістік аймақтар;
  • Табиғи-рекреациялық аумақтар.

Бас жоспарда қаланың шығыс бағытында жаңа әкімшілік-іскерлік орталық көзделген. Әкімшілік-іскерлік орталық 1450 гектар аумақты қамтиды.

"Бұл аумақта тұрғындарға арнап білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар кешені, бизнес-орталықтар, компаниялардың кеңселері, банктер және тағы басқа нысандарды орналастыру көзделген", - деді әкім.

Өткен жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 миллион шаршы метрді құраса, 2025 жылы 6,1 миллион шаршы метрге жетеді деп көзделген. Ал 2035 жылы 9,8 миллион шаршы метрге дейін немесе бір адамға шаққанда 28 шаршы метрге дейін өседі деп күтілуде.

Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығының жалпы аумағы 290 гектар алқапты құрайды.

Аумақта Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88,7га), Керуен Сарай (22,1га), Тұңғыш Президент саябағы (38,0га), Назарбаев аллеясы (Арбат) және жеке салымшылар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақ үй сынды ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде.

Шөкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда мәдени-рухани орталықтағы бас жоспарда жобаланған 10 нысанның алтауы толық аяқталды.

Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру жоспарланған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 12 973,8 гектарды құрайды.

Жаңалықтар
0