Қоғам

Тоқаев Австрия президентіне көңіл айтты

© Sputnik / Владислав ВодневАкорда ночью
Акорда ночью - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан басшысы барлық дінге кереғар келетін, адами сенім мен ақылға сыймайтын жантүршігерлік зорлық әрекетке қарсы екенін білдірді

АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венадағы террорлық актіге байланысты Австрия президенті Александр Ван дер Белленге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.

"Бүкіл австриялықтар сияқты барлық дінге кереғар келетін, адами сенім мен ақылға сыймайтын мұндай жантүршігерлік зорлық әрекетке қарсымын. Терроризмнің кез келген түріне жол беруге және оны ақтауға болмайды. Осындай қаныпезер зұлымдыққа барған кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенемін", - делінген жеделхатта.

Сонымен қатар президент Қазақстан халқының және өз атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

"Қаза болғандардың отбасына қайғырып көңіл айтамын, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Осынау қаралы күндері Австрияның Федералдық үкіметімен және халқымен біргеміз", - делінген жеделхатта.

Айта кетейік, 2 қараша кешке Австрия астанасы Вена қаласында бірнеше шабуыл жасалды. БАҚ мәліметінше, белгісіз адамдар оқ атқан, шабуылға ұшыраған нысандардың бірі – синагога.

Венадағы теракт: белгісіз адамдар бірнеше шабуыл жасады – видео

Соңғы дерек бойынша теракт салдарынан 4 адам қаза тапты, кемінде 15 адам ауруханаға жеткізілді, ауыр жараланған жеті адамға көмек көрсетілді. Зардап шеккендер арасында полицей де бар. Қазақстанның Австриядағы елшілігінің алдын ала ақпаратына сүйенсек, қаза тапқандар мен жарақаттанғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Жаңалықтар
0