Қоғам

Пандемия Қазақстан демографиясына әсер ете ме – мамандар пікір білдірді

© Sputnik / Болат ШайхиновЛюди, пешеходы
Люди, пешеходы  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Демограф коронавирус пандемиясы халық санының өсіміне әсер етпейді деп санаса, гинеколог жасанды түсік жасататындар көбеюі мүмкін деп топшылайды

АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Коронавирус пандемиясы әлем бойынша барлық салаға әсер етті. Медицина, экономикамен қатар халықтың әл-ауқаты мен демографияны да айналып өтпеді. Жуырда әлеуметтік желіде дәрігерлердің пандемия кезінде жүкті болмауға кеңес бергені жайлы ақпарат тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі пандемияның Қазақстандағы халық санының өсіміне қаншалықты әсер ететінін және індет өршіп тұрған уақытта сәби дүниеге әкелуге бола ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Әр отбасыда екі баладан аспайды

30 жылдан бері демография тақырыбын зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Аманжол Қалыш пандемия елдің демографиясына әсер етпейтінін айтты. Демографтың пікірінше, Қазақстанда індет жоқ кезде де айтарлықтай халықтың өсімі байқалмады.

"Пандемия кезінде мамандардың да пікірі екіге жарылды. Бірі өсім байқалады десе, енді бірі ажырасудың көбейіп жатқанын айтты. Сәби сүюді кейінге қалдырып жатқан отбасылардың бар екенін алға тартты. Ал жалпы демографияға пандемияның қатысы жоқ. Себебі әрбір халықтың қалыптасқан көзқарасы бар. Біздің түсінік бойынша отбасының бақыты – бала. Түркі жұртының түсінігінде ер мен әйелдің арасында бала болмаса, ол отбасы деп саналмайды", - деп бастады әңгімесін демограф.

Айтуынша, Қазақстанда экономикалық тұрақсыздық пен халықтың жұмыссыз болуы салдарынан халық саны өспей отыр.

"Бұған дейін 2020 жылы қазақстандықтардың саны 20 миллион адамға жетеді деген болжам жасалды. Біз қазір 18 миллион болып отырмыз. 2010 жылы халық саны 16 миллион болды. Бізде ешқандай өсім жоқ. Бір миллион қандас келіп көбейді, әлі де сырттан келіп жатқандар бар", - дейді Қалыш.

Маманның айтуынша, Қазақстан қазір демографиялық жағынан еуропалық үлгіге ауысты. Яғни, қазір әр отбасыда екі баладан аспайды. Үш баласы бар отбасы сирек кездеседі.

"Біз бес жылдан кейін де 20 миллион адамға жете алмаймыз. Осы 18 миллионды ұстап қалсақ та жақсы. Себебі бала саны екеу болса, ол ата-анасының орнын жабады. Үшіншісі Қазақстан үшін, алайда қазір үшінші баланы дүниеге әкелетіндер жоқтың қасы", - деп түйіндеді демограф.

Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде халық саны 18,7 миллион адамға жетті. Ал Ақорда сайтында жарияланған 2030 жылға дейінгі елдегі демографиялық болжам кестесіне сәйкес, халық саны 18,5 миллион адамға жетуі керек. Демек, бұл жылға арналған жоспар орындалды. Енді 2025 жылға дейін халық саны 19,4 миллион, 2030 жылы 20,3 миллион адам болады деген жоспар бар.

Сәбилі болу – әйелдің құқығы

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы ана мен баланың денсаулығын қорғау бөлімі басшысы міндетін атқарушы, гинеколог Әсел Ағламова пандемия кезінде жүкті болуға болмайды деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Жүкті әйелдерге пандемия кезінде жеке бастың гигиенасын сақтауды ұсынамын. Сонымен қатар инфекция жұқтырып алуы мүмкін жерлерден сақтануы қажет. Оның ішінде аса қажет болмаса қоғамдық көлік, спорт, ойын-сауық кешендеріне бармағаны жөн. Сонымен қатар көпшілік жиналатын жерге барғаннан кейін міндетті түрде қолды таза ұстау қажет", - деді Әсел Ағламова.

Ал жүктілікке дейін отбасыны жоспарлау кабинетіне жүгініп, маманмен контрацепцияның әдісі жайлы толыққанды ақпарат алуға болады. Ол деген – жүктілікті жоспарлау, қажетсіз жүктіліктен аулақ болу, балалар жасы аралығын реттеу, бала туу уақытын таңдау.

"Егер кім де кім пандемия кезінде жүкті болуға болмайды десе, мұның жалған екенін толықтай айта аламын. Себебі, бұл – әйелдің құқығы. Егер әйелге жүкті болуға және жүктілікті жоспарлауға тыйым салатын болсақ, бұл оның репродуктивті құқығын бұзу болып саналады", - дейді маман.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала туудан қай өңір көш бастап тұр

Себебі ана болу бақытын ұзақ жылдан бері күтіп жүрген адамдар да бар. Сондықтан бұл мәселені реттеуге құқығымыз жоқ, дейді дәрігер.

"Бұл мәселеде ең алдымен контрацепцияны жүргізу қажет. Одан кейін жүктілік кезінде тек дәрігердің бақылауында болу қажет. Маман берген ұсыныстарды орындағаны жөн. Әлеуметтік желіні дәрігер кеңесінің орнына қолданбауды ұсынар едім. Ол жерде дәрігер қабылдау кезінде айтылатын ұсыныстар жазылмайды", - деді Ағламова.

Алматыдағы ахуал

Әсел Ағламованың айтуынша, Алматыда пандемия басталғалы 10 жүкті әйел қайтыс болған. Оның алтауы коронавирус инфекциясын жұқтырған.

Сонымен қатар маман пандемияға қарамастан әр әйел өзіне күтім жасап, жүктілікті кейінге қалдырмауға шақырды.

"Кез келген әйел қанша жаста екеніне қарамастан жүктілікті жоспарлауға құқылы. 20, 30, 40 жаста деп бөлінбейді", - деп толықтырды гинеколог.

Айта кетейік, қалада бүгінде басымдық жүктіліктің 30 аптасынан асқан әйелдерге беріліп отыр. Оларға күнделікті бақылау жүргізіліп, босану уақыты жақындаған сәтте күтпеген жағдайдың алдын алу үшін шаралар қабылдануда.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматыда пандемия кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 126 әйел босанған. Оның арасында ауру белгілері жоқ адамдар да болды, олар үйінде екі апта карантинде отырған. Арасында пневмония диагнозы қойылған науқастар да бар.

Ал дәрігер пандемия елдің демографиясына әсер етеді деп санайды. Айтуынша, пандемияға байланысты медициналық түсіктің саны көбеюі мүмкін.

"Жүктілікті тоқтату саны артуы мүмкін. Себебі адамдар пандемиядан ғана емес, жұмысынан айырылып қалғанын ойлап қорқады, уайымдайды. Соған байланысты баланы асырай алмаймыз деп ойлайды", - дейді Әсел Ағламова.

Айта кетейік, Алматыда 2020 жылы тоғыз ай ішінде 4 077 жасанды түсік жасатылған. Ал 2019 жылдың дәл осындай уақытында 4 463 адам жүктілікті тоқтатты. Мамандар түсік жасату бойынша көрсеткіш 9%-ке төмендегенін айтты.

Жүкті әйел ауру белгісі байқалса не істеуі керек?

Егер әйелдің температурасы көтеріліп, тұмау болса, жөтел болып, басы ауырып тұрса, ең алдымен жедел жәрдем шақыруы қажет. Себебі өкпенің қандай деңгейде зақымдалғанын, ұрыққа қандай да бір зиян келіп-келмегенін анықтау қажет.

Жаңалықтар
0