НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. "Әліппе" оқулығы бекітілді. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде "Әліппе" оқу бағдарламасын жасау жұмысы аяқталып бекітілді. Жұмыс тобы ауқымды жобаны ойдағыдай жүзеге асырып шықты. 20-дан артық отырыс өтті. "Әліппе" оқулығының ғылыми негізіне және практикалық қолданысына байланысты бірнеше ұсыныс түскен. Соның барлығы зерделенді", – деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифнигте.
Оның айтуынша, қазіргі кезде оқулықты шығару жұмыстары басталды. 2021 жылдың қаңтар айында оны апробациядан өткізеді. Ол үшін пилоттық мектептердің тізімі бекітілді.
"Осылайша, сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында мектептерге енгізілетін болады. Жалпы, "Әліппе" оқулығын 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланған. Осы жоспарға сай жұмыс жүргізіліп жатыр", – деп атап көрсетті Каринова.
Оқи отырыңыз: Әліппе латын қарпімен жазылады – білім министрлігі
Осы орайда "Әліппе" оқулығын әзірлеу кезінде Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізге алынғанын еске салды.
"Сосын өздеріңізге белгілі, желтоқсан айында "Әліппемен" қоштасу өткізілетін. Қазіргі принцип те соған негізделген. Одан ары қарай "Ана тіліне" көшеді", – дейді Каринова.