ПАВЛОДАР, 1 қараша – Sputnik. Павлодарлық полицейлер түнде анасын іздеп шыққан екі кішкентай баланы құтқарды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Балаларды іздеуге Павлодардың полиция гарнизоны жұмылдырылды. Біраз уақыттан кейін балаларды патрульдік полиция батальонының инспекторлары тапты.
"Қыздар табылған кезде қатты қарны ашқанын және тоңып қалғанын айтқан", - деді ювеналді полицияның аға инспекторы Руслан Сүлейменов.
Тәртіп сақшылары балаларды тамақтандырып, тыныштандырды. Олармен әңгімелесу кезінде қыздардың анасы балаларын жалғыз қалдырып, үйден кетіп қалғаны анықталды. Есік ашық қалғандықтан қыздар далаға өздері шыққан. Айтуларынша, олар анасын тапқысы келген.
Бірақ қамсыз ата-ананы полиция қызметкерлерінің өзі әрең тапты. Ол қаланың басқа шетінде таныстарымен бірге ішімдік ішкен.
Оқи отырыңыз: Полицей әйел жалғызбасты әкеге үш баланы тәрбиелеуге көмектесіп жүр – видео
Бұған дейін әйел балаларға дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық бақылауға алынған екен.
Қазір қыздың үлкені Кәмелетке толмағандарға арналған орталыққа орналастырылды, ал кішісі Балалар үйіне тапсырылды. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға материал дайындалып жатыр, дейді құқық қорғау органдарының қызметкерлері.