НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау мерзімін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, 21 қазанда экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жұмысқа алған.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болады?
Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен арнайы жұмыс тобының 6 отырысы өткен. Комитеттің кеңейтілген отырысы да ұйымдастырылыпты.
"Барлық түзету мұқият қарастырылып, талқыланып жатыр. 2020 жылдың 4 қарашасында Қазақстан парламенті мәжілісінің пленарлық отырысында аталған заң жобасын бірінші оқылымда қарастыру жоспарлануда. Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданғаннан кейін сенатқа 2020 жылдың қараша айының соңына дейін жіберіледі", - дейді Сабильянов.
Осы орайда депутат мемлекет басшысының зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тапсырмасы уақытында орындалатынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, мәжілістің жұмыс жоспарында жаңа заң жобасының реттік нөмірі 101 болса да, құжат қаралатын кезекті білдірмейді.
"Заң жобасында зейнетақы жинағын пайдалану бойынша ғана емес, сонымен қатар, басқа салалар бойынша да түзетулер қарастырылған", - деп түйіндеді комитет төрағасы.