Қоғам

Невропатолог адамдар не себепті инсульт алатынын айтты

© Sputnik / Евгений Самарин / Медиабанкке өтуАрхивное фото реанимации
Архивное фото реанимации - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Невропатолог инсульттың алғашқы үш белгісі бар екенін айтады. Адамның бет терісінің салбырауы, кеуде тұсқа дейін көтеріп созғанда қолды бір сызық бойымен ұстай алмау және жеңіл фразаны қайталай алмау

АЛМАТЫ, 30 қазан – Sputnik. 29 қазан – Дүниежүзілік инсультқа қарсы күрес күні. Инсульт – ми қан тамырларының бітелуі немесе жарылуы кезінде пайда болатын ауру. Атаулы күнге орай невропатолог, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының екінші дәрежелі дәрігері Әсем Телеубаева Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, инсульттың алдын алу, жедел жәрдем келгенге дейін көрсетілу қажет көмек жайлы айтты.

– Инсульт тек егде жастағы адамдарда бола ма? Кейінгі кезде инсульттің де "жасарып" жатқаны жайлы естиміз. Статистика не дейді?

– Жыл сайын 40 мыңнан астам инсульт алады. Оның ішінде 5 мың адам алғашқы 10 күнде қайтыс болады. Тағы 5 мың адам ауруханадан шыққаннан кейін қайтыс болады. Бұл – ауруханаға жеткізілген науқастар есепке алынған статистика. Жедел жәрдем келмей жатып қайтыс болатын адам да көп. Ең көп сырқаттанушы – 41 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар, одан кейін 61-70 жас аралығындағы науқастар, алайда бұл ауру қазір жастар арасында да кездеседі.

Инсультқа ұшыраған адамдарды саралайтын болсақ, науқастардың 50%-ті сыртқы фактор салдарынан ауырады. Мысал ретінде жас жігітті алайық. Ол бірнеше күн бойы компьютер алдында отырады, аз қозғалады, майлы тамақ жейді. Мұның бәрі семіздікке алып келеді. Оған қосымша темекі тартып, ұйқысы қанбай, жүйке жүйесі тозса, адамның қан қысымы жоғарылайды. Оның бәрі инсультқа алып келеді.

© Photo : Әсем Телеубаеваның жеке архивінен алындыАлматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігері Әсем Телеубаева (ортада)
Невропатолог адамдар не себепті инсульт алатынын айтты - Sputnik Қазақстан
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігері Әсем Телеубаева (ортада)

Инсультқа генетика да әсер етеді. Жақын туысы ауырған адам да кейін инсульт алуы мүмкін. Сонымен қатар қант диабеті, жүрек ауруы, жүрекше фибрилляциясы, гипертония, ми қан тамырларының туа біткен патологиялық аурулары инсультқа алып келеді.

Қарт адамдар қан қысымының жоғарылағанына бейімделген. Оларда гипертония (қан қысымының төмендеуінен әртүрлі мүшелер мен тән жүйелерінде ауытқулардың пайда болуы) ауруының көп жылдық тәжірибесі бар. Жастарда ондай жоқ. Сол себепті жастар арасында инсульт жиі кездеседі.

– Бір рет инсульт алған адам екінші рет ауырып қалуы жиі кездесе ме?

– Инсульт алған барлық науқаста бірінші жылы жағдайдың қайталану қауіпі жоғары. Ал науқас ауруханада емделіп, үйге шыққан кезде барлық ұсынысты орындаса, инсульттің қайталану қауіпі азаяды. Себебі инсультпен ауырып шыққан науқастар өмір салтын толығымен өзгертеді. Науқас жедел жағдайдан шыққаннан кейін бірден оңалту шаралары басталады. Науқастың жұтыну, сөйлеу, жүру секілді қалыпты әрекеттерін орындау қабілеті қаншалықты бұзылғаны анықталады. Науқас үйге шығатын кезде оның туыстарын моральдық тұрғыдан дайындаймыз. Күнделікті қандай мөлшерде сұйықтық ішу керек екені, ұйқы режимі, жаттығу жұмыстары түсіндіріледі.

– Инсульттың қандай түрі бар? Қай түрі жиі кездеседі?

– Аурудың үш түрі бар: ишимиялық, гемморрагиялық, субарохноидальді инсульт. Ең жиі кездесетін түрі – ишимиялық инсульт. Бұл – мидың бір бөлігінде тромбтың пайда болуы. Соның салдарынан мидың бір бөлігінің қан айналымы азаяды немесе қан айналымы тоқтайды. Гемморрагиялық инсульт – қан тамырының атылуы. Субарохноидальді инсульт – ми қабығы тамырларының жарылуы нәтижесінде пайда болатын ми мен оның қабығы арасында пайда болған қанды ісік.

– Адамдар инсульттің қандай белгілерін міндетті түрде білу керек?

– Инсульттың алғашқы белгілері – беттің қисайып кетуі. Науқасқа "жымиыңыз, тісіңізді көрсетіңіз" дегенде, бір беті төмен салбырап тұрады. Сондай-ақ, екі қолды көтеріп, кеуде тұсымен бір сызық бойында ұстап тұрыңыз дейміз. Сондай жағдайда бір қолы төмен түсіп кетеді. Үшінші белгісі – жеңіл фразаны қайталау. Соны қайталай алмау инсульттың бір белгісі болып есептеледі.

– Инсульт болған жағдайда жедел жәрдем келгенше қалай көмек көрсеткен жөн?

– Үй жағдайында инсульт белгілерін байқаған кезде науқасты тыныштандырып, төсекке жатқызу керек. Бас жағы 30 градусқа жоғары болатындай етіп, жастық қойған жөн. Егер науқас есінен танып қалған болса, қырымен жатқызу қажет. Өйткені ол құсуы мүмкін. Жейдедегі түймені ағытып, ауа ағынын қамтамасыз ету керек. Мүмкіндік болса, жедел жәрдем келгенше қан қысымын өлшеп, жоғары болса, қысымды төмендететін дәрі беру керек. Сонымен қатар инсульт белгісі байқалған жағдайда науқасқа тамақ беру және қан тамырын кеңейтетін дәрі беруге тыйым салынады.

– Инсульттың алдын алу бойынша қандай да бір нұсқама бар ма?

– Иә, аурудың алдын алу бойынша бірнеше нұсқама бар. Бұл қан қысымын бақылау, қандағы холестерин деңгейін бақылау, қандағы қант деңгейі мен өз салмағын бақылау, дұрыс тамақтану, темекіні тастау, жаттығу жасау, күйзелісті бақылау, жыл сайын медициналық тексеруден өту.

Оқи отырыңыз: "Бәрін уси-пуси құртады": мамандар бала тілінің неге кеш шығатынын түсіндірді

Артық салмақ инсульт қауіпін арттыратын бірнеше факторды өзімен бірге алып келеді. Бұл – қан қысымының жоғарылауы, жүрек қан тамырлары ауруы және қант диабетінің дамуы.

– Инсульттан кейін емделу орта есеппен қанша уақытқа жалғасады?

– Науқастарға 6 айдан 2 жылға дейін ем алу қажет екенін айтамыз. Бірақ оның нақты жауабы жоқ, өйткені бұл науқастың өзіне де, жанындағы туыстарына да байланысты. Егер науқас ем алуға дайын болып, инсульттың қайталанбауы үшін барлық шараны жасаса, тез сауығып кетуге мүмкіндік бар.

Жаңалықтар
0