НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары 1 триллион теңге инвестициялық табыс алды, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.
2020 жылдың тоғыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,5 триллион теңге мөлшерінде зейнетақы жинақтары қалыптасты. 2019 жылдың 1 қазанынан бастап бір жыл ішінде бұл сома шамамен 1,9 триллион теңгеге немесе 20%-ға ұлғайды.
"Осындай ауыз толтырып айтуға болатындай, яғни өткен 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 598,6 миллиард теңгеге артық өсімге негізінен БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,08 триллион теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелуінің арқасында қол жеткізілді", - делінген хабарламада.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 12,2 триллион теңгені құрады (2020 жылдың басынан бергі өсім – 16%).
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 301,9 миллиард теңге (өсім – 23%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,14 миллиард теңгеге жетті (өсім – 10%).
2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 миллионға жуық бірлікке ұлғайды.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болады?
Салымшылардың шоттарына 2020 жылдың басынан бері жалпы көлемі 777,07 миллиард теңге зейнетақы жарнасы аударылды, бұл 2019 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен 61,7 миллиард немесе 9% артық.
Төлемдер 138,5 миллиард теңгені құрап, олардың басым бөлігі, атап айтқанда, 33% жасына байланысты төлемдерге (46,1 миллиард теңге), сақтандыру ұйымдарына аударымдарға (36,1 миллиард теңге), Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету бойынша (27,6 миллиард теңге), мұрагерлерге (24,5 миллиард теңге), жерлеуге (3,01 миллиард теңге), мүгедектік бойынша төлемдерге (1,1 миллиард теңге) тиесілі болды.