НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан — Sputnik. Ресей президентінің орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар жөніндегі шарт бойынша ұсынысы Еуропада жаңа "зымыран дағдарысына" жол бермеуді көздейді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков осындай пікір білдірді, деп жазады РИА Новости.
Ресей президенті өзара қарым-қатынас қағидаттарына негізделетін құралдарды әзірлеуге шақырды.
Еуропалық серіктестер бұл бастамаға күмәнмен қарады. Мысалы, Берлин мұндай идеялар "сенім туғызбайды" деп мәлімдеді.
"Алғашқы теріс әрі ойсыз белгілерді біз осы Еуропадан естідік", – деп мәлім етті Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков.
Ол қазіргі таңда тәуекелдердің "өте жоғары" екенін, ал "президент Путиннің ұсыныстарын елемеуге, олардан бас тартуға тырысатындар" еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде "үлкен жауапсыздық" танытып отырғанын баса айтты.
"Айтылған ұсыныстардың байыптылығы мұқият зерттеуді қажет етеді. Сондай-ақ, бұл ұсыныстардың тереңдігі түбегейлі түсінуді талап етіп отыр. Бұл Ресей Федерациясы басшылығының Еуропадағы әскери-саяси жағдайды тұрақтандыру кезінде ол жерде жаңа "зымыран дағдарыстарын" болдырмау жолын іздеудегі ұстанымы", – деп толықтырды өз сөзін дипломат.
Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарт ғаламдық стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. 2019 жылдың тамызында АҚШ келісімнен шықты. Вашингтон Ресейді тыйым салынған 9M729 зымыранын жасады және сынақтан өткізді деп айыптады. Мәскеу оның рұқсат берілген әрекет ету радиусы 500 шақырымнан аспайды деп сендіріп отыр.