Әлем

АҚШ Баку мен Ереванды неге татуластыра алмады?

© Sputnik / Илья Питалев / Медиабанкке өтуВооруженный мужчина в селе Чанахчи в Нагорном Карабахе
Вооруженный мужчина в селе Чанахчи в Нагорном Карабахе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс бір айдан бері жалғасып келеді. Гуманитарлық бітімгершілікке үш рет талпыныс жасау сәтсіз аяқталды

АҚШ-тың делдалдығы негізінде қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісім бірден дерлік бұзылды, деп жазады РИА Новости.

Трамп берген уәде

"АҚШ Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері мен ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағалары арасындағы нәтижелі келіссөздерге ықпал етті. Біздің күш-жігеріміз Таулы Қарабақ төңірегіндегі жанжал түйінін тарқатуға бағытталған", – деді үшінші гуманитарлық бітімгершілік төңірегінде мәлімдеме жасаған мемлекеттік департамент. 

Ресейдің қолдау көрсетуімен жасалған екі келісімнің сәтсіздікке ұшырағанын ескере отырып, Майк Помпео: "Зограб Мнацаканян мен Джейхун Байрамов (Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері – редакция ескертпесі) бітімгершілік шартын сақтайтынына сендірді", – деп өз атынан кепілдік берген еді.

Дональд Трамп та Таулы Қарабақ мәселесін реттеуге ниет танытып отырғанын байқатты. Нью-Гэмпшир штатындағы жақтастары алдында сөйлеген сөзінде президент Кавказ соғысының түйінін тарқатуға уәде берген болатын. "Неге олай етпеске? Менің ойымша, егер сіз не істеу қажет екенін білсеңіз, бұл әсте оңай жағдай", – деді Ақ үй басшысы.

Нью-Гэмпшир – құбылмалы штаттардың бірі, мұндағы кейбір сайлаушылар саяси додада кімге дауыс беретінін әлі де шешкен жоқ. Сондықтан Трамп аймақта көп қоныстанған армян диаспорасының дауысына ие болу үшін олардың назарын өзіне аударғысы келеді. 

"Армяндарға қараңыздаршы, олар керемет адамдар. Олар көп соғысты. Армяндар өте еңбекқор халық. Сондықтан біз оларға көмектесеміз. Біз Сербия мен Косовоға мәселелерін шешуге де қол ұшын создық. Енді Таулы Қарабаққа да көмектесеміз. Біздің көздеген мақсатымыз – адам өмірін сақтау", – деген АҚШ лидері жиналғандардың қошеметіне бөленді. 

Америкалықтардың Армения мен Әзербайжанды келіссөздер үстеліне отырғызуға қатысты талпынысын Ресей президенті де қолдады. "Мен Вашингтон бізбен біртұтас әрекет етіп, тараптардың бітімгершілікке келуіне көмектеседі деген үміттемін", –  деп атап өтті Владимир Путин.

Келісімді бұзу

Гуманитарлық бітімгершілік 26 қазанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сегізде (Мәскеу уақытымен жеті) күшіне енді. Бірақ жарты сағат уақыт өтер-өтпестен қарсыластар келісімді бұзу туралы сөз қозғай бастады. 

Әзербайжан тарапы Армения қарулы күштерін Тертерді және Таулы Қарабақпен шекаралас жатқан елді мекендерді атқылады деп айыптады. Көп ұзамай Армения қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады. Онда әзербайжандық әскерилердің "байланыс сызығының солтүстік-шығыс бағытына қарай оқ жаудырғаны" айтылады.

Первый автомобильный паром с грузами отправился с порта Курык - Sputnik Қазақстан
Экономика
Қарабақ шиеленісі Ақтау мен Баку арасындағы теңіз тасымалына қалай әсер етті
Әлем мойындамаған республика "бітімгершілікті бұзу туралы хабарламаны және оңтүстіктегі әзербайжандық позицияны атқылау туралы мәлімдемені" шындыққа жанаспайтын ақпарат деп атады. Алайда, түске қарай олар үшінші мәрте жасалған гуманитарлық бітімгершілік келісімінің бұзылғанын мойындады. Степанакерт Бакуды Қарабақтағы Мартуни ауданындағы ауылдардың біріне зымыранмен соққы жасады деп айыптады. 

Бұл ретте Армения премьер-министрі Никол Пашинян да, Таулы Қарабақ республикасының басшысы Араик Арутюнян да бітімгершілікті сақтауға дайын екендігін білдірген еді.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев уақытша тыныштық орнатуға қарсылық білдірген жоқ. Алайда ол халықаралық бітімгерлерді бейтарап позиция ұстануға шақырды.

"Егер олар атысты тоқтатқысы келсе, Арменияға біздің аумағымыздан кетуі қажеттігін айтсын. Егер бұлай болмаса, біз соңына дейін барамыз", - деп ескерту жасады Әзербайжан лидері.

Сергей Лавров та Таулы Қарабақ мәселесін шешуге қатысқан "сыртқы ойыншыларға" қарата сөз сөйледі. Атап айтқанда, ол Түркияға Кавказда көрсеткен ықпалын қолдануды ұсынды.

"Біз Түркияның сыртқы істер министрі Чавушоглумен Таулы Қарабақ мәселесі бойынша бірнеше мәрте телефон арқылы сөйлескен болатынбыз. Біз Анкараны мәселені бейбіт жолмен реттеу ұсынысын қолдауға үгіттеуге тырысамыз", – деді Ресей сыртқы істер министрі.

Түрік ойындары

ЕҚЫҰ-ның Минск тобы қарсыластарды татуластыруға талпынып отыр. Бейсенбі күні, яғни 29 қазанда Женевада тең төрағалар Армения мен Әзербайжан СІМ басшыларымен кездеседі. Алайда осы мәселе бойынша Риа Новости агенттігіне сұқбат берген сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. 

"Бұған қақтығысқа қатысушы тараптардың өздерінің мүдделілік танытқаны маңызды. Әзірге оларда ондай талпыныс жоқ. Әзербайжандық тарап әрдайым Таулы Қарабаққа оқ жаудыруын жалғастырып келеді. Армения аумағына үнемі дрондар ұшып кіріп жатыр. Бұл Бакудің тоқтағысы келмей отырғанын көрсетеді, – деді Арменияның мемлекеттік басқару академиясына қарасты аймақтық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Джонни Меликян.

Ол Ереван ЕҚЫҰ-ның Минск тобының күш-жігерін қолдайтынын, бірақ бұл процеске қарулы қақтығыста Әзербайжан жағында тұрған Түркия кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.

"Мәскеу, Вашингтон, Париж бітімгершілікке келуге шақыруда. Ал Анкара бұған қарсылық көрсетіп, Бакуді қарулы қарсыластыққа итермелеп отыр. Сонымен қатар, түрік жағы ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағасы болғысы келетінін де жасырмайды. Егер бұл жағдай орын алса, онда формат жойылады", - деп пайымдайды сарапшы.

Америкалықтардың бастамалары

Ресейлік кавказтанушы сарапшы Нурлан Гасымов АҚШ-тың Таулы Қарабақтағы шиеленісті реттеуге бағытталған бітімгершілік миссиясы әу бастан-ақ тоқырауға ұшырайтынына күмәнданбаған. Оның айтуынша, екі тарап бітімгершілікті қосымша резервтерді тарту және қақтығыс аймағында өз позицияларын нығайту үшін қолданып отыр.

"Лачин дәлізі үшін кескілескен ұрыс жүріп жатыр. Егер Әзербайжан оны басып алса, онда Армения мен Таулы Қарабақ арасындағы тікелей байланыс үзіледі. Бұл қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертеді. Баку Лачинге көп күш жұмсады, сондықтан дәл қазір Әзербайжанға бітімгершілік тиімді емес", – дейді Гасымов. 

Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді? - Sputnik Қазақстан
Видео
Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді?
Сарапшы Қарабақтағы жағдайға Вашингтонның белсенді қатысуын америкалық сайлау науқанымен байланыстырады. Алайда ол АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Оңтүстік Кавказға деген қызығушылығын тез жоғалтатынына сенімді.

"Вашингтон жалғыз бастаманы 1999 жылы көтерген болатын. Сол кезде Ки-Уэстте болған кездесу барысында АҚШ тарапынан келіссөз жүргізуші Пол Гобл екі ел аумақтарымен алмасу жоспарын ұсынды. Ол жоспар бойынша Таулы Қарабақтың жеті аймағын Әзербайжанға қайтаруы, ал Баку Мегри дәлізін – Армян-Иран шекарасындағы тар аумақты ала отырып, Арменияға мойындалмаған Таулы Қарабақ пен Лачин дәлізін беру керек еді. Алайда, Ереван одан бас тартты. Себебі Иран шекарасы бұл елді сыртқы әлеммен байланыстырады. Ал Баку үшін Гобл жоспары мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасын уыстан шығарып алуға апаратын бірден-бір төте жол болар еді. Сондықтан Гейдар Әлиев те мұндай келісімге бармады", –деді Гасымов.

Ол АҚШ-тың тоқсаныншы жылдары Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеуге бағытталған әрекетін тараптарды татуластыруға деген ұмтылысымен емес, "Кавказдың мұнай-газ секторына салынатын өз инвестициясын қауіпсіздендіру" ниетімен жасады деп түсіндіреді.

"Батыс сол кезде Оңтүстік Кавказдағы газ-мұнай құбырларын салуға қомақты қаржы бөлді. Әзербайжан мұнайын Ресейдің Еуропадағы энергетикалық ресурстарының баламасы ретінде қарастырды, ал америкалықтар оны барлық жағынан қолдады. Соғыс бұл жобалардың жүзеге асырылуына тосқауыл қояр еді. Бірақ Вашингтон Гобл жоспары сәтсіздікке ұшырағаннан кейін бітімгершілік бастамасын толығымен Ресейге берді", - деп өткенді еске түсірді Гасымов.

Мәскеумен келісім

АҚШ пен Канада институтының аға ғылыми қызметкері Павел Кошкин америкалық бітімгершілік идеясын сайлауалды науқанмен байланыстырады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты  қабылдады - Sputnik Қазақстан
Саясат
Назарбаев Таулы Қарабақтағы қақтығыс туралы айтты
"Трамп үшін құбылмалы штаттарда қоныстанған үлкен армян диаспорасының даусын иелену өте маңызды. Оның Таулы Қарабақтағы шиеленісті реттеуге қол ұшын созуға қатысты берген уәдесін осымен байланыстыруға болады. Бірақ Вашингтон сайлау өткеннен кейін Кавказды тағы да ұмытады", – деп болжам жасайды сарапшы.

Кошкин америкалықтардың Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеуден өзін алшақ ұстауының себебін АҚШ-қа бұл аймақтағы қақтығыстың әуел бастан-ақ басқарылатындай болып көрінгендігімен түсіндіреді.

"Украинадағы немесе Грузиядағы жағдайдан айырмашылығы – АҚШ Таулы Қарабақ жағдайын түйіні шешілмеген проблема деп қабылдаған жоқ. Бұл мәселе бойынша Мәскеумен әрдайым келісім орнатылды. Басқа да бұрыннан келе жатқан қақтығыстарға қатысты келісімдерді айтпағанда",– деді Павел Кошкин.

Ақ үйдің жаңа басшысы кім болса да, оның Таулы Қарабаққа деген қызығушылығы шектеулі болып қала береді, – дейді Кошкин. Бірақ бұл – Вашингтонның Мәскеу пікіріне құлақ асатын жағдайлардың бірі.

Жаңалықтар
0