НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Германия мен Францияның Алексей Навальныйға қатысты оқиғаға байланысты бастаған санкциялары ЕО-ның болып жатқан жағдайды тиісті деңгейде бағалай алмайтындығын көрсетеді, деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
15 қазанда Брюссель алты ресейлікке және ғылыми институтқа шектеу енгізді, ал Мәскеу дәл осыған ұқсас реакция танытуға уәде етті, деп жазады РИА Новости.
Лавров Берлиннің Ресей бас прокуратурасының Навальныйға қатысты көптеген өтінішіне "менмендікпен" жауап беруден бас тартқанын еске салды. Дипломаттың пікірінше, бұл Германияның қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы Еуропалық конвенция алдындағы міндеттемелерін бұзады.
"Осы халықаралық құқықтық құжатты құрметтеудің орнына Германия мен Францияның өкілдері Ресей азаматтарына қатысты ЕО-ның кезекті заңсыз санкцияларын бастады. Мұның бәрі өкінішті және ол Брюссельдің өзін заңнан тысқары қоюға деген ұмтылысын айқын көрсетеді", - деді Лавров хорватиялық "Вечерни лист" газетіне берген сұқбатында.
Оның айтуынша, Мәскеу дипломатияның не екенін ұмытып, қарапайым дөрекілік деңгейіне дейін төмендеген батыс әріптестерінің антиресейлік шабуылдарын жауапсыз қалдырмайды.
Дипломат Вашингтон мен Брюссельдің Ресейдің дамуын тежеу үшін күш-жігерін екі есеге арттырғанын, алайда олардың Мәскеуге тағылған айыптарға қатысты ешқандай дәлел ұсынбай отырғандығын атап өтті.
Лавров еуропалық серіктестерде диалогты қайта қалпына келтіру үшін ақыл-ой мен көрегендік болатынына үміт артты.
Навальныйға қатысты оқиға
20 тамызда ұшақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қордың негізін қалаушы Алексей Навальныйдың жағдайы күрт нашарлағандықтан, Омбы ауруханасына жатқызылады. Дәрігерлер қандағы қант деңгейінің күрт түсіп кетуінен зат алмасу жүйесінің бұзылғанын мәлімдеді. Оған не түрткі болғаны әлі белгісіз, алайда Навальныйдың қанынан у табылған жоқ.
Кейінірек ол Германияға жеткізілді. Қыркүйек айының басында неміс үкіметі ресейлік оппозиционердің "Новичок" химиялық затынан уланғанын мәлімдеді. Мәскеу Берлин зертханасынан талдау нәтижесіне қатысты анықтаманы сұратқан болатын. Бірақ неміс тарапы үнсіз.
Қазан айының басында Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (ХҚТҰ) Навальныйдың қанынан табылған заттың сипаттамасы "Новичокқа" ұқсас болғанымен, оның тыйым салынған препараттар тізімінде жоқ екенін мәлімдеді. Алайда осыған қарамастан ЕО антиресейлік шектеулер енгізді.
Қазір Навальныйдың жағдайы жақсарып келеді, ол оңалту курсынан өтіп жатыр.