НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Ақтөбе облыстық білім басқармасының жұмысын тексерген арнайы бақылау тобы оқушыларға арналған ноутбуктерді жоғары бағамен сатып алу фактісін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, осыдан екі жыл бұрын облыстық білім басқармасы мен жекеменшік компания арасында компьютерлік техниканың 5 000 данасын жеткізу туралы келісімшарт рәсімделген. Сол кезде әрбір компьютердің бағасы 149 мың теңге болған.
"Алайда білім басқармасы әрбір компьютерді 250 мың теңгеден қабылдапты. Барлық лот бойынша келісімшарттардың жалпы сомасы 1 миллиард 250 миллион теңгеден асып кеткен. Компьютерлердің конфигурациясы әлсіз болған. Оған қоса, сервистік қызмет көрсетілмеген. Ал пандемия кезінде ондай қызметтің болғаны маңызды", - дейді мамандар.
Оқи отырыңыз: Шымкентте білім саласындағы бірқатар басшы істі болды
Сонымен қатар, техникалық сипаттама бойынша барлық компьютерде үш жылдық сервистік қызмет көрсетуге кепілдік болған. Соған қарамастан, білім басқармасы қажет болған жағдайда техникаға қызмет көрсету үшін тағы бюджеттен ақша бөлген.