Қоғам

Түркияның қорғаныс министрі Қазақстанға не үшін келгенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр обороны Турции Хулуси Акар прибыл с официальным визитом в Казахстан
Министр обороны Турции Хулуси Акар прибыл с официальным визитом в Казахстан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан және Түркия қорғаныс министрлері әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери дайындық және оқу-жаттығуларға қатысу мәселесін талқылады

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев түркиялық әріптесі Хулуси Акармен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Хулуси Акар кездесуден кейін әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери білім, әскери дайындық және оқу-жаттығуларға қатысу мәселесі талқыланғанын жеткізді. 

"Біз екі елдің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын ары қарай кеңейту мәселелерін қарастырдық. Қос елдің мемлекет басшылары тығыз ынтымақтастық пен диалог орнатқандықтан біздің жұмысымыз жеңіл жүрді. Біз бұған дейінгі келісімдерді іске асыру жайын талқыладық", - деді Түркия қорғаныс министрі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда Акар тараптардың әскери-техникалық ынтымақтастықты ары қарай кеңейту қажеттігімен келісетінін және соның арқасында екіжақты байланыстарды күшейтуге болатынын жеткізді. 

"Мен қазір индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бара жатырмын. Сол жерде Атамқұлов мырзамен (Бейбіт Атамқұлов – ИИДМ басшысы) қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық жайын талқылаймыз", - деп атап өтті ол.

Оқи отырыңыз: Түрік компаниясы Қазақстанға бронды машинаның үлгісін тегін береді 

Ал Нұрлан Ермекбаев Түркияның стратегиялық әріптес екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға жасаған ресми сапары аясында маңызды құжаттардың рәсімделгенін еске салды. Соның ішінде әскери ынтымақтастық және әскери салада құпия ақпаратты бірлесіп қорғау туралы келісімдер бар. Қазіргі кезде құқықтық базаны күшейту мақсатында әскери тарих пен ақпарат алмасу бойынша тағы екі хаттама әзірленіп жатыр. Бүгінде ынтымақтастықтың нақты бағыттары да айқындалған.    

"Ол алдымен бірлескен оқу-жаттығулар, бірлескен әскери дайындық және әскери білім беру шаралары. Мысалы, Түркияның оқу орындарында қазақстандықтар гидрография және киберқауіпсіздік мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Біз болсақ, былтыр алғаш рет Ұлттық қорғаныс университеті негізінде түрік әскерилерін оқытуды ұйымдастырдық", - дейді Ермекбаев.

Сондай-ақ, кездесу кезінде келесі жылдың жоспары талқыға салынды. Ермекбаев Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға алғаш рет келіп тұрғанын жеткізіп, осы сапар екі жақты байланыстарға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан мен Түркияның әскери ынтымақтастығы  

Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстан Түркиямен арадағы көп жоспарлы стратегиялық қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен мән береді. Осы орайда ведомство Қазақстанның қарулы күштерінің құрылуы мен дамуының алғашқы кезеңінде Түркияның қарулы күштері мен Бас штабының бірінші болып қолдау көрсеткенін де еске салды. Атап айтқанда, Түркия 1990-2000 жылдары қайтарымсыз негізде Қазақстанға әскери мүлікті жеткізіп отырған. Соның ішінде кеңсе техникасы, картографиялық құрал-жабдықтар, байланыс құрылғылары және жол талғамайтын көліктер бар.

Уақыт өте келе, тараптар көпмақсатты жеңіл брондалған көліктер мен оптикалық-электронды құралдар өндірісі саласында өзара тиімді байланыстарға көшті. Ал әскери білім саласында курсанттар Түркияның жетекші әскери училищелерінде өз дайындықтарын шыңдайды. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанның өтініші бойынша киберқауіпсіздік мамандығына квота бөлінді.

Ал әскери дайындық саласындағы ынтымақтастықтың маңызды бір бағыты – арнайы операция өткізетін күштерді дайындау. Бұдан бөлек, қазақстандық әскерилер "Эфес" пен "Кыш" оқу-жаттығуларына қатысып, сан алуан оқыту орталықтарына барып тұрады. Осы саладағы ынтымақтастық жалғаса береді.

Жаңалықтар
0