НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. "Kinopark Theatres" компаниясы бүгіннен бастап тек екі қалада – Ақтау мен Атырауда кинотеатрлар ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы IMAX 3D кинотеатрында 26 қазан күні сағат 11.30-да алғашқы сеанс болатыны туралы ақпарат тараған. "Kinopark Theatres" компаниясы бұл мәліметті жоққа шығарды. Нұр-Сұлтанның кинотеатрлары да әзірге ашылмайды.
"Алматы мен Нұр-Сұлтанда кинотеатрларымыз әлі ашылған жоқ. Себебі жергілікті санитар дәрігерлер рұқсат бермеді. Атырау мен Ақтауда ғана ашуға рұқсат бар. Бүгін сегіз айдан кейін көптен күткен премьера болады", - дейді компания мамандары.
Екі қаладағы премьера "Любовь на миллион" атты отандық фильммен кешкі сағат 20.00-де ашылады.
Компания мамандары басқа қалаларда кинотеатрларды ашуға дайын екенін де жеткізді. Алайда санитар дәрігерлер рұқсат бермей отыр.
Оқи отырыңыз: Павлодарда барды полиция қоршауға алды – видео
Айта кетейік, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен 26 қазаннан бастап кинотеатрларды ашуға рұқсат берілді. Алайда жергілікті жердегі санитар дәрігерлер өзіне қарасты аймақтың эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып, шектеу шараларын сақтай алады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда бір аптаның ішінде науқастардың өскені байқалады. Сол себепті кинотеатрларды ашпауға шешім қабылданды.