Өңірлер

"Жүзден асқан жеті адам бар": Қазығұртта кейуана 102 жасқа толды

© PhotoГүлсара Байташова 1918 жылы 25 қазанда дүниеге келген
Гүлсара Байташова 1918 жылы 25 қазанда дүниеге келген - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жыл сайын кейуананы тек жақындары ғана емес, сонымен қатар жергілікті билік өкілері де құттықтайды

АЛМАТЫ, 25 қазан – Sputnik. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Гүлсара Байташова есімді кейуана 102 жасқа толды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Гүлсара Байташова 1918 жылы 25 қазанда Қазығұрт ауданының Қарабастау ауылында дүниеге келген. Кейуананың әкесі ерте қайтыс болған. Ал анасы шамамен 80 жасында дүниеден өткен, оның жалғыз ғана бауыры бар. Ұзақ жасау қанында бар Гүлсара апаның түп нағашысы 105 жасында қайтыс болған.

Гүлсара Байташова бір ұл, бір қыздан 8 немере мен жиен сүйген, қазір 25 шөбере, 4 шөпшегі бар. Жыл сайын кейуананы тек жақындары ғана емес, сонымен қатар жергілікті билік өкілері де құттықтайды.

"Гүлсара Байташованы және аудандағы басқа да жүз жастан асқан кісілерді тек туған күн кезінде ғана емес, әр мереке сайын құттықтап барамыз. Ол кісілерге де, үйіндегі немерелеріне де сыйлық береміз. Әдетте шай мен тәттілер, орамал апарамыз", - деді Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар  әкімдік ауданда жүз жастан асқан жеті әйелдің бар екенін айтты. Оның ең үлкені 103 жаста, ал ер адамдар арасында ең қарт кісі 99 жаста. 

"Біздің аудан тау етегінде орналасқан. Таза су, таза ауа. Жергілікті тұрғындар сүт, қымыз, шұбат ішеді. Мұның бәрі осында жасалады. Жақсы экология да әсер етуі мүмкін. Қазығұрт адамдарға тұруға ыңғайлы жер, сондықтан бізде жүз жасайтындар көп", - деді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, бұған дейін кейуана мен Гүлсара Байташеваның жақындары Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берді.

Жаңалықтар
0