Видео

Астаналықтар адам ағзасын алуға қатысты пікір білдірді – видео 

Жазылу
Қазақстанда кез келген адам қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала келісім бере алады, я болмаса, одан бас тартуға мүмкіндік бар  

Бұған дейін емханада арнайы өтініш жазылса, енді оны электронды үкімет порталы арқылы жіберуге болады.

Ресми мәліметке сәйкес, алғашқы бірнеше күннің ішінде электронды өтініш жазған адамдардың 7-8 проценті қайтыс болғаннан кейін трансплантация үшін тінді немесе ағзаны алуға келісім берді. Қалғаны қарсы болған. Sputnik Қазақстан тілшілері астаналықтардың осы мәселеге қатысты пікірін біліп қайтты.

Менталитет мен мұқтаждық

Қала тұрғындарының көбісі жаңа электронды қызмет туралы білмейтін болып шықты. Бірақ қайтыс болғаннан кейін ағзаны беруге дайын адамдар аз емес. Ал келіспейтіндердің басым бөлігі діни ұстанымды алға тартады.

"Біреулер үшін ол қалыпты жағдай болуы мүмкін. Ондай адамдар батыстық тәрбиеге жақын шығар. Ал біздің менталитетімізге келмейтін тәрізді. Мен де қарсымын. Өйткені ислам бойынша тыйым салынған", - дейді тұрғындардың бірі.

Енді біреулер адам о дүниеге аттанса, жерде ауру адамдардың қалатынын еске салды. Олар өлген адамға ағзаның қажеті жоқ, ауру адамға берген дұрыс деп есептейді.   

"Сіз жасай алмай кеткен жақсылықты ағзаңызды алған адамдар жалғастырып, "әттеген-ай" деп армандап кеткен ісіңізді аяқтауы мүмкін", - дейтіндер де бар.

Ал егде жастағы адамдар жемқорлықтан қауіптенеді. Дін тұрғысынан тыйым бар екенін біле тұрса да, мұқтаж адамға өз ағзасын беруге дайын адамдар да жоқ емес.

Электронды қызметті қалай алады?

13 қазанда электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейін трансплантация үшін тіндерді немесе ағзаларды алуға келісім беру, я болмаса, бас тарту бойынша онлайн қызмет іске қосылған болатын. Бұрын адам өзі тіркелген емханада өтініш жазатын. Енді оны үйден шықпай-ақ рәсімдеуге болады.

Электронды қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында "Денсаулық сақтау" бөлімінде авторизация жасау қажет. Осыдан кейін "Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға көзі тірісінде өз еркімен келісуді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу" қызметін таңдау керек.

Бұдан әрі қолданушы өтініш түрін таңдайды: "Келісімді қайтарып алуды тіркеу" немесе "Келісімді тіркеу".

Келісім берген жағдайда қолданушыға қандай органдарын алуға болатынын көрсету мүмкіндігі беріледі.

Айта кетейік, биыл жазда президент "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске қол қойды. Оған сәйкес, енді қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты қажет.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан адам ағзалары мен тіндері тек шетелде ем алып жатқан Қазақстан азаматына медициналық көмек көрсету үшін ғана шығарылады.

Жаңалықтар
0