Саясат

Тоқаев Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады

© Sputnik / Владислав ВодневАкорда ночью
Акорда ночью - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көрсеткішін жақсарту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге қатысты бірқатар тапсырма берді

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Президентке биыл 9 ай ішіндегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берілді.

Әбдіқалықова Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарының әзірленуі туралы айтты. Экономиканың түрлі салалары бойынша құны 271 миллиард теңге болатын 265 жобаны жүзеге асыру және 4 610 тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылуда. Облыс әкімінің айтуынша, биыл жалпы құны 26 миллиард теңге болатын 110 жоба іске асырыла бастаған. Бұл бастамалар аясында 2000 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, президентке 15,5 мың гектар жерге егілген дәнді және майлы дақылдарды жинау науқанының аяқталғаны жөнінде ақпарат берілді. 551,3 мың тонна күріш жиналып, жақсы көрсеткішке қол жеткізілген.

© Photo : Официальный сайт президента РКПрезидентке биыл 9 ай ішіндегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берілді
Тоқаев Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады - Sputnik Қазақстан
Президентке биыл 9 ай ішіндегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берілді

Облыс әкімі мемлекет басшысына жұмыспен қамтудың жол картасының іске асырылу барысы туралы айтты. Бұл бағдарлама аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 38 миллиард теңге тартылып, 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Өңірде коронавируспен күреске қарсы қабылданған шаралар сөз болды. Өңір әкімінің айтуынша, қазіргі таңда барлық медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда 21 жұқпалы аурулар стационарында қосымша 3200-ге дейін төсек орын дайындауға мүмкіндік бар. Аймақ қажетті дәрі-дәрмектермен және қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Гүлшара Әбдіқалықова президентке 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталғанын жеткізді. Нысан осы жылдың 1 желтоқсанына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Тоқаев Қызылорда облысының әкіміне қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көрсеткішін жақсарту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, экономикалық жобаларды әртараптандыру қажеттігіне қатысты бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ президент өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.  

Жаңалықтар
0