Владимир Путиннің маңызды мәселелер бойынша айтқан сөздерін РИА Новости хабарлайды.
Пандемия туралы
Путин COVID-19 пандемиясы туралы айта келе, коронавирустың әлі де жойылмағанын және әлем өмірдің барлық саласында "тектоникалық ауысулардың" табалдырығында тұрғанын атап өтті.
"Коронавирус эпидемиясы әлеуметтік, іскерлік және халықаралық өмірді, тіпті әр адамның күнделікті өмір сүру салтын түбегейлі өзгертті", – деді ол.
Путин Ресей азаматтарының, әсіресе дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің бір-біріне, көмектесуге дайын екенін мақтан тұтатынын баса айтты.
"Пандемия адам өмірінің өте нәзік екенін еске түсірді. Технологиялық жағынан дамыған ХХІ ғасырда тіпті ең дамыған деген елдердің өзінде адамның бір қарағанда қауіпті әрі қорқынышты болып көрінбейтін инфекцияның алдында осыншалықты қорғансыз әрі дәрменсіз болып отырғанын елестетудің өзі қиын", – деді президент.
Владимир Путин халықаралық қауымдастық коронавируспен күресте қолдан келгеннің барлығын жасамағанын, бұл ретте кейбір мүмкіндіктерді жіберіп алғанын мәлімдеді.
Мемлекеттердің тәуелсіздігі туралы
Президент мемлекеттік құрылым туралы айта келе, біреуді, оның жүріп өткен жолын сол күйі көшіріп алуға тырысу дұрыс емес екенін атап өтті.
"Біз демократияның осындай сырттан келген үлгілерінің қалай жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Ол – ішкі мазмұнынан айырылған сыртқы қабық қана", – деді Путин.
Оның пікірінше, саяси жүйенің қалай аталғаны маңызды емес, себебі әр елдің өзінің саяси мәдениеті, дәстүрлері, өзінің даму көзқарасы әртүрлі болады.
"Осы жерде мынадай сауал туындайды: күшті мемлекет дегеніміз не? Оның күші неде? Әрине, ол мемлекеттің құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында тұруы емес, жеке бастаманы ығыстырып шығаруда немесе азаматтық белсенділікке нұқсан келтіруде емес, тіпті қарулы күш пен қорғаныстың әлеуетінде де емес. Дегенмен, сіз бұлардың барлығының географиялық тұрғыдан, геосаяси мәселелердің тұтас жиынтығы тұрғысынан Ресей үшін қаншалықты маңызды екенін түсінетін шығарсыз. Алайда мен мемлекеттің күші ең әуелі азаматтардың оған деген сенімінде екенін айтқым келеді. Мемлекеттің күші міне, осында", – деді Владимир Путин.
Әлемдегі рөлдердің өзгеруі туралы
"Қытай өзінің экономикалық салмағы мен саяси ықпалы тұрғысынан алып державаның позициясына қарай белсенді түрде жылжи бастады. Германия да осы бағытта жүріп келеді", – деді Путин өз сөзінде.
Президент коронавирус пандемиясы жағдайында елдерді мемлекетаралық қатынастарда шыншыл болуға және қос стандартқа негізделген саясаттан бас тартуға шақырды.
"Коронавирус инфекциясынан зардап шеккен және әлі де зардап шегіп отырған көптеген ел сырттан келетін көмекке мұқтаж емес, олар гуманитарлық саладағы шектеулерді, дәрі-дәрмектермен, несиелік ресурстармен, құрал-жабдықтармен және технологиялармен алмасу саласындағы шектеулердің алынып тасталуына мұқтаж. Алайда ешқандай шектеулер жойылған жоқ. Оны қандай да бір негізге сүйене отырып түсіндіргісі келді, бірақ олардың гуманитарлық салаға ешқандай қатысы жоқ. Бірақ соған қарамастан, барлығы гуманизм туралы айтады", – деді РФ президенті.
Қаруды бақылау туралы
Путин қару-жарақты бақылау туралы айта келе, бұл саладағы шектеулерсіз әлемнің болашағы жоқ екенін атап өтті. Ол Вашингтонның мұндай келісімдерден кезең-кезеңмен шыға бастағанын еске салды.
Президент Мәскеу Қытайдың СНВ шартына қосылуына қарсы емес екенін, бірақ Вашингтон Бейжіңмен диалогты өзі жүргізу қажеттігін, яғни мұны Ресейге аудармау керектігін атап өтті.
Путин сондай-ақ барлық ядролық державаны осы келісімге қосылуға шақырды.
Қарабақтағы жағдай туралы
Талқылау барысында қатысушылар Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушығуы мәселесіне тоқталды. Президент қақтығыстың шиеленісуі салдарынан екі жақтан екі мыңнан астам адам қаза болғанын, тиісінше, құрбан болғандардың жалпы саны бес мыңға жақындағанын баса айтты.
Ол Ресей ұзақ жылдар бойы жағдайды тұрақтандыру үшін осы дағдарысты реттеудің түрлі нұсқасын ұсынғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы позицияларды жақындастыруға бағытталған.
"Енді сәл шыдасақ, тиісті шешім табылатындай болып көрініп еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Қазір қақтығыс шиеленістің ең нашар нұсқасы бойынша жүріп жатыр", - деді Путин.
Ол сондай-ақ, Ресей үшін Армения да, Әзербайжан да Мәскеу толыққанды қарым-қатынас орнатқысы келетін тең құқылы серіктестер екенін атап өтті.
Ол тараптардың Таулы Қарабақ бойынша ымыраға келулерін қалайтынын атап өтті. Путиннің айтуынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен күніне бірнеше рет телефон арқылы сөйлеседі.
Навальныйға қатысты жағдай туралы
Алексей Навальныйға қатысты жағдай туралы пікірталасқа қатысушылардың бірінің сауалына жауап бере келе, Путин Ресей бұл оқиға бойынша тергеу жүргізуге дайын екенін жеткізді. Ол үшін оның уланғанын растайтын құжат қажет екені, алайда мұндай ақпарат берілмегенін атап өтті.
"Оның үстіне, мен еуропалық лидерлердің бірімен болған әңгімеде біздің мамандарымыз Германияға француз, неміс, швед мамандарымен бірге барып, сол жерде бірге жұмыс істеп, кейбір материалдарды алуы қажет деген ұсыныс жасадым. Егер шынымен қылмыстық оқиға болса, бұл материалдар қылмыстық іс қозғауға, тергеу жүргізуге негіз болар еді", – деді ол.
Путин сонымен қатар, Навальныйдың қанынан "Новичоктың" ізі табылғаны туралы хабарламаларға күмәнмен қарайтынын жеткізді.
"Олар "Новичоктың" іздерін таптық деді. Содан кейін кенеттен: бұл "Новичок" емес, басқа нәрсе, деді. Сонымен, бұл "Новичок" пе, әлде "Новичок" емес пе? Демек, қазір әу баста айтылған дүниелерге қатысты күмән туып отыр", - деп толықтырды сөзін президент.
"Ресейдің құлдырауын" қалайтындар туралы
Путин Ресейдің әлсірегенін қалап отырған кейбір елдерге қатысты түсініктеме берді.
"Әлемде, басқа елдерде болып жатқан оқиғаларға қарап және мемлекетімізді нығайта отырып, мен әлі де болса, Ресейдің біртіндеп әлсірегенін қалап отырғандарға айтарым: бұл жағдайда бізді бір нәрсе: "сіздердің жерлеу рәсімдеріңізде қалай суық тигізіп алмауға болады" деге мәселе ғана мазалайтынын айтқым келеді", – деді ол.
Президент сондай-ақ, Ресей өзінің интеллектуалдық, аумақтық, экономикалық және әскери әлеуетін тиісті деңгейде бағалайтынын атап өтті.