АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Алматыда эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түсті және инфекция жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Алматы қаласында 23 қазандағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 14 607 адамға жетті. Оның ішінде 8762 адамда ауру белгілері бар, қалған 5845 науқас симптомсыз.
"Соңғы тәулікте 44 адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ, бес адам пневмонияға шалдықты. Тәуліктегі ауру жұқтыру өсімі – 0,3%, жұқтыру коэффициенті – 1,37 құрады. Қаладағы жағдай шиеленісе түсуде және аурушаңдықтың өсіп келе жатқаны байқалады", - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.
Бекшиннің айтуынша, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Ал қалада науқастардың көбеюіне көпшілік шаралардың ұйымдастырылуы себеп болып отыр.
"Той, ас беру шараларын өткізу аса қауіпті, өйткені ондай жиындарға көп адам жиналады. Олар желдетілуі нашар жабық үй-жайларда өткізіледі. Мұндай шараларда қонақтар ұзақ уақыт отыратыны белгілі", - деді Бекшин.
Айтуынша, қалада науқастар санының артуына тұрғындардың қоғамдық көлікте бетперде тақпауы да себеп болып отыр.
"Сондықтан біз бетперде мен қолғап кию режимін қатаң сақтауды талап етеміз", - деді қаланың бас санитар дәрігері.
Инфекция таралуының тағы бір себебі – көп адам жұмыс істейтін ұйымдарда қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырмау.
"Науқастар санының өсуінің тағы бір себебі – отбасында қайта жұқтыру тіркелуі. Ересектер, әсіресе, жастар түнгі клубтар мен тамақтану орындарына барғанда инфекция жұқтырады. Ал үйінде қарт кісілер мен балалар, ата-анасы бар. Ауру солай тарап жатыр". – деді Бекшин.
Айта кетейік, Алматыда 2020 жылдың 8 қазанынан бастап карантин шараларын сақтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.