Қоғам

"Бізге қысым көрсетеді": қоғам белсендісі Тоқаевтың алдында шындықты жайып салды

© Sputnik / Абзал КалиевПрезидент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на заседании Национального совета общественного доверия
Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на заседании Национального совета общественного доверия - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Айгүл Орынбек халықтың үнін тыңдайтын, жұрттың проблемаларын жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейтінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында құқық қорғаушы Айгүл Орынбек мемлекет басшысына оңтүстік өңірдің өзекті мәселелерін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заңгердің айтуынша, ұлттық қоғамдық сенім кеңесі президентке маңызды мәселелерді жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда жергілікті әкімдерде ондай тәжірибе жоқ. Олар, керісінше, қоғам белсенділеріне қысым жасайды. 

"Өкінішке қарай, біздің оңтүстікте халықтың үнін тыңдайтын, жергілікті жұрттың проблемаларын жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейді. Сенсеңіз, атқарушы орган сол айтылған проблемаларды жоюдың орнына, керісінше, бұл мәселені көтерген және халыққа жанашырлық танытқандарға қысым көрсетуде. Иә, сол мәселені көтерген өзіңмен алысады, ал өзекті проблема жайымен қалады", - деді Орынбек.

Оның сөзіне қарағанда, оңтүстікте шешімін таппай жатқан әлеуметтік проблемалар жетіп артылады. Ал қоғам белсенділері білетін мәселені атқамінерлердің білмеуі мүмкін емес. Осылайша, "бармақ басты, көз қысты" әрекеттер тыйылмай жатыр.   

"Мәселен, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың жұмысы көңілімнен шықпайды. Не істеп жатқандары беймәлім. Жаттанды жиналысты ғана көреміз. Ақиқатты айтудың орнына жағымпазданып, сол шенеуніктердің шашбауын көтеріп жатыр-ау деген ойға қаласын", - деп атап көрсетті Орынбек.

Осы орайда ол ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін жергілікті комиссиялардың құрамына қосуды ұсынды. Сонда атқарушы органдардың олқылықтары анық көрінетін еді. Қоғам белсендісі Түркістан облысындағы білім саласын да сынға алды. Оның айтуынша, биыл бірқатар оқу орны жеке меншікке берілгеннен кейін ұстаздар қудалауға ұшырады. Білім саласы "қып-қызыл бизнеске" айналып кетті.

"Біздің өңір ауыз суы мен көгілдір отыны жоқ елді мекендер бойынша көш бастап тұр. Мәселен, ішер суының бір литрін 2 теңгеге сатып алып отырған аудандар бар. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, бәрі жақсы, бәрі керемет, өмір ғажап. Ал бұл көзбояушылықтың зардабын тартатын әдеттегідей қара халық", - деді Орынбек.

Түркістан облысындағы коммуналдық проблемалар онымен бітпейді. Бірқатар ауданда жылдар бойы табиғи тарту үшін халықтың қалтасын қағып, ақша жинаған. Бірақ ол ауылдарға көгілдір отын әлі күнге дейін жетпеген.

Заңгер нақты фактілерді және Арыс халқының аманатын кеңес хатшылығына тапсыратынын айтты.

Жаңалықтар
0