Қоғам

Ұлттық кеңес отырысында ауыл әкімдерін сайлауға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды

© Sputnik / Тимур БатыршинВъезд в село Масанчи
Въезд в село Масанчи - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кеңес мүшесі партияда жоқ азаматтардың да саяси өмірге араласуына мүмкіндік жасау қажеттігін айтты

АЛМАТЫ, 22 қазан – Sputnik. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында ауыл әкімдерін сайлауға қатысты бірқатар ұсыныс жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кеңес мүшесі Максим Споткай жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізу қажет екенін айтты.

"Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама қажет. Сонымен қатар арнайы заң қабылдаған жөн. Жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізетін уақыт жетті. Жиын өткізу үшін аудан әкімінің келісімі қажет. Егер ауыл тұрғындарының 10 проценті жиын өткізу туралы бастама көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жеткілікті деп есептейміз", - дейді ол.

Айтуынша, осындай жиындар арқылы әкімдердің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылады.

"Ауыл әкімдерін сайлау барысында жалпыға бірдей тең сайлау өткізу қажет. Дауыс беру жасырын түрде болуға тиіс. Келесі жылы кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін сайлау қажет. Егер сайлау нәтиже берсе, оны кезең-кезеңімен басқа деңгейде де жүзеге асыру керек", - деген ұсыныс тастады Споткай.

Бұл жерде әрбір азаматтың құқығы шектелмеуі басты назарға алынып отыр.

"Ауыл әкімдеріне қойылатын талап та жеңілдеу болса дейміз. Ол 25 жасқа толған азамат болуы керек. Сонымен қатар тиісті елді мекенде кейінгі үш жылда тұрақтап тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімі болуы шарт", - дейді ол.

Сонымен қатар партияда жоқ азаматтардың да саяси өмірге араласуына мүмкіндік жасау бастамасын көтерді.

Партияда жоқ азаматтарды түрлі шешім қабылдауға қатыстыруды ойлануымыз керек. Бұл бағытта нақты ұсыныстар енгізілді, деп нақтылады Максим Споткай.

Жиын барысында өзге елдің ұлттық жобаларын енгізуден бас тартуға шақырды. 

"Еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасалған шетелдік тәжірибелер әрдайым сәтсіз болады. Жобалар жабық есік жағдайында дайындалмауы қажет. Мұндай жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар, жастар атсалысқаны жөн. Ұлттық жобалар экономика, инфрақұрылым, қоршаған ортаны қорғау және жастарды қолдау, ұлттық бірлік, Рухани жаңғыру салаларын қамтуы қажет. Қазақ тілі этносаралық қарым-қатынас тіліне айналуы үшін арнайы жоба әзірлеу маңызды", - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Қазақстан халқына жолдауы барысында ауыл әкімдері сайлауын өткізу қажет екенін айтты.

Жаңалықтар
0