Қоғам

"Сатылмайды": Тоқаев жұрттың көкейінде жүрген күдікті сейілтті

© Photo : сайт АкордыКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ел ішінде ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік бар, деді президент

АЛМАТЫ, 22 қазан – Sputnik.Қазақстандағы ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды. Бұл жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президент бүгінде жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

"Көптеген ЖОО коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ, ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін", - деді мемлекет басшысы.

Президент бұл мәселенің айрықша назарда екенін айтты.

Оқушылардың оқу мәдениетін арттыру жайлы

Сонымен қатар мемлекет басшысы беделді халықаралық зерттеулердің нәтижелері қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығы, дағдылары тиісті деңгейде дамымағанын көрсеткенін айтып өтті.

"Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі білім беру үдерісінің басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Кітап арқылы оқуға, әлемді тануға деген қызығушылық мектеп қабырғасынан бастап қалыптасуы керек. Ал кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, осы қызық әлемге жетелейтін орын болуы керек", - деді президент.

Мемлекет басшысы ауылдық жердегі кітапхана қорының ескіргенін, көркем әдебиеттің тапшы екеніне назар аударды. Айтуынша, ауылдарда қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер аз немесе мүлде жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді.

"Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды", - дейді мемлекет басшысы.

Сондықтан кітапханалардың жұмысына жаңаша көзқараспен қарау қажет екенін айтты.

Оқу мәдениетін арттыру үшін білім және ғылым министрлігіне тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламасын қайта қарауды, осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Жаңалықтар
0