Қоғам

Сенатор ұлттық құндылықтар эфирде насихатталмай жатқанына күйінді

© Sputnik / Абзал КалиевДень домбры
День домбры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутат теле, радио эфирлерде қазақтың ән мен күйі саңқылдап естіліп тұрса ғана елдегі рухани жаңғыру ерекше сипатқа ие болатынын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Қазақтың 1000 әні мен 1000 күйі жинақталды, бірақ эфирден естілмейді. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгінгі отырыста мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Осы орайда сенатор Нұртөре Жүсіп заң жобасының өзектілігіне баса назар аударып, мәдениеттің қаншалықты маңызды сала екенін ерекше атап өтті.

"Шекара сызығы не үшін сызылады? Бұл – елдің қорғаныс шекарасы ғана емес, мәдениет шекарасы деген сөз. Осы сызықтың ішінде мәдени кеңістік болады. Мәдени кеңістік аясында ұлттық құндылықтар қалыптасады. Біз Әл-Фарабидің, Абайдың және басқа тарихи тұлғалардың мерейтойларын тек той тойлау үшін өткізбейміз. Бұл шаралар Қазақстан халқын біртұтас – бір мәдениет шеңберінде тәрбиелеуге бағытталған", – деді Жүсіп.

Депутат заң жобасына енген жаңа нормаларды қолдайтынын да жеткізді. Атап айтқанда, фонограммамен ән айту шектеледі. Сенатордың айтуынша, ондай норма шынайы таланттарға жол ашады. Алайда ұлттық өнерімізге баса назар аудару қажет. Осы орайда Нұртөре Жүсіп "Қазақтың 1000 әні" мен "Қазақтың 1000 күйінің" жинақталғанын, бірақ соның бәрі эфирден естілмейтінін жеткізді.

"Эфир – Қазақстан эфирі. Ондағы жиілікті мемлекет береді. Қазақстанда жұмыс істейтін түрлі теле, радио арналар эфирлік жиілікті конкурс арқылы алады. Ендеше неге біз мемлекеттің мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мәселесін талап ете алмаймыз? Радио таратушыларға неге міндеттей алмаймыз? Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек. Сонда ғана елдегі рухани жаңғыру ерекше сипатқа ие болады", – деп атап көрсетті сенатор.

Депутат мәдениеттің тағы бір маңызды тұсына тоқталды. Ұлттық мәдениет пен рухани мәдениет адамды тәрбиелейді.

"Күнделікті түрлі былық-шылықтың, жемқорлықтың, сыбайластықтың, әдепсіздіктің орын алуы мәдениеттің болмауынан. Мәдени деңгейімізді көтермейінше, көп нәрсені жоғалтамыз", – деді Жүсіп.

Оқи отырыңыз: Қазір иттің итақайы әнші болып жүр – Рамазан Стамғазиев

Айта кетейік, бүгін сенат депутаттары мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады. Заңда әртістердің әдепсіз мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттеме енгізілген. Соның бірі – фонограмманы қолдану туралы алдын ала хабарлау.

Жаңалықтар
0