Қоғам

Тоқаев жаңа агенттік басшысының орынбасарларын тағайындады

© Sputnik / Абзал КалиевКадровые перестановки, иллюстративное фото
Кадровые перестановки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жаңа лауазымға тағайындалған үш шенеуніктің екеуі қайта құрылымдаудан өткен ведомствода қызмет еткен

АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа агенттік басшысының орынбасарларын тағайындады, деп хабарлайды Ақорда.

"Президент өкімімен Рустам Ахметов бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал Марат Омаров пен Болат Сәмбетов Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқаратын болады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Болат Сәмбетов бұған дейін ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы қызметін атқарған.

Рустам Ахметов кім?

Рустам Нұрланұлы Ахметов 1978 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. Еңбек жолын мемлекеттік кірістер министрлігінің кінәрат-қуыным жұмысы бөлімінің жетекші маманы болып бастады.

2001 жылы Қазақстан Республикасы президент әкімшілігіндегі мемлекеттік-құқықтық бөлімнің аға референті қызметіне қабылданды.

Әр жылдары президент әкімшілігіндегі мемлекеттік-құқықтық бөлімінің кеңесшісі, заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеген.

2011 жылы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

2014 жылдың тамыз айы мен 2017 жылдың сәуір айы аралығында ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары болды.

2017 жылы ұлттық экономика министрлігінің табиғи ресурстарды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

2019 жылы ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы болды.

Марат Омаров жайлы не білеміз

Марат Талғатұлы Омаров 1988 жылы дүниеге келген. Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы Лондон қаласында "Digiet Limited" IT компаниясында бизнес-сарапшы болып бастаған.

2010-2012 жылдары "Digiet Limited" IT компаниясының коммерциялық директоры болды.

2012-2014 жылдары экономикалық даму және сауда, экономика және бюджеттік жоспарлау, ұлттық экономика министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

2014-2016 жылдары ұлттық экономика министрлігі тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары болды.

2016-2017 жылдары "Қазақтелеком" АҚ басқарушы директоры болған.

2017 жылы технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік басшысы болып тағайындалды.

2019 жылы "Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі болды.

Жаңа агенттік туралы

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында бәсекелестікті қорғау мен дамыту бойынша мықты және тәуелсіз орган қажет екенін мәлімдеді. Ол президентке тікелей есеп беретін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құрылымын бекітті

Жаңа ведомствоны бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі (министрі) болып қызмет еткен Серік Жұманғарин басқарады.

Жаңалықтар
0