Алайда бұл шудың табиғаты мен жоғары лауазымды шенеуніктердің сөздері батыстың қайғылы жағдайдың себептерін анықтауға қатысты ниетінің шынайы еместігін көрсетеді, деп жазады РИА Новости.
Нидерланды сыртқы істер министрі Стеф Блоктың: "Бүгін Ресей Федерациясы MH17 рейсінің жойылуы төңірегінде өз жауапкершілігіне қатысты келіссөздерді тоқтату туралы біржақты шешім қабылдады" деген ресми мәлімдемесінен осыны аңғаруға болады.
Әрине, Блок мұны жақсы біледі. Бірақ шындықты әдейі бұрмалап отыр. Ресейдің нәтижесіз консультациялардан бас тартуы "әсіресе, құрбандардың туыстары үшін ауыр тиді" деген сөзі осыған дәлел бола алады.
Мәскеуді осы шешімі үшін айыптауға асыққан батыстың көптеген қайраткері де құрбандар тақырыбына қатысты шындықтан алшақ кетуге тырысуда. Осылайша, АҚШ-тың Нидерландыдағы елшісі Пит Хукстра Ресейдің консультациядан шығуын "құрбан болғандардың туыстарына және олардың әділеттілікке ұмтылысына жасалған кезекті бір соққы" деп мәлімдеді.
Мұндай жаңалықтарды шенеуніктер ұсынған қалыпта қабылдаған кейбір голландықтар реакциясының қатал шыққаны таңғаларлық емес. Мысалы, Блок оқырмандарының бірі бірден Ресейге қатысты: "Нидерландыдан барлық ресейлікті дереу шығарыңыз, елшілікті толығымен жабыңыз, Ресеймен сыртқы сауданы тоқтатыңыз, енді Ресей газын сатып алмаңыз. Біздің флотты Қырымға жіберіңіз" деп ашулы кеңес берді.
Алайда ешкім көңілі қалған Голландия қоғамына Мәскеудің мұндай қадамға не үшін барғанын нақты түсіндіріп бермей отыр. Ресей сыртқы істер министрлігі бұған дейін егер голландықтар ақыр аяғында басқа жолды таңдамаса, яғни Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірмесе, консультацияны айрықша ынтызарлықпен жалғастыратынын түсіндірген еді.
Шындығында, нидерландықтар Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа бірнеше рет шағым түсірген. Алғашқысы 2016 жылдан бері қаралып келеді, кейін ол жаңа шағыммен толықтырылды. Ол кезде MH17 ұшағына қатысты іс жан-жақты қаралып жатты. Ал осы жылдың 10 шілдесінде Нидерланды үкіметі сол сотқа мемлекетаралық шағым түсіреді, оны сол жерде қаралып жатқан істерді қолдау мақсатында түсіргенін мәлімдейді.
Белгілі бір мәселе бойынша Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа мемекетаралық шағым түсірген кезде, осы мәселе бойынша сол жерде қаралып жатқан барлық жеке істің тоқтатылатыны белгілі. Бұл 2018 жылы Еуропалық кеңеске мүше мемлекеттер бірауыздан қабылдаған Адам құқықтары туралы еуропалық конвенция жүйесін реформалау туралы Копенгаген декларациясының 45-тармағында нақты көрсетілген.
Сондай-ақ, Нидерландының Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа түсірген шағымы басқа заңды органмен - Украинаның Ресейге қарсы ісін қарастырып жатқан БҰҰ-ның халықаралық сотымен мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін екенін ұмытпаған жөн, оған MH17-ге қатысты жауапкершілік те кіреді. Еуропалық сот (ЕО-дағы жоғарғы инстанциялық сот) 2014 жылы Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотта қаралатын мемлекетаралық істер басқа халықаралық сот органдарының юрисдикциясын бұзбауы керек деген пікірін білдірді. Демек, Нидерланд үкіметі жекелеген істерді қарауды кешіктіріп қана қоймай, әртүрлі инстанциялар арасында мүдделер қақтығысын туғызып отыр, бұл да іске кедергі келтіруі мүмкін.
Бұл жерде заңды сауал туындайды: Гаагаға дәл қазір жанжалға негізделген шағымын түсіре отырып, бір уақытта Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот пен Ресеймен консультация мәселесі төңірегінде сот процесін бастау не үшін қажет болды? Бір қызығы, Нидерланд баспасөзі өзінің премьер-министрі Марк Рюттенің бұл сұраққа жауабын талап еткен емес. Марк Рютте тек: "ең жақсы уақытты таңдадым" дегенді ғана айтты, бірақ неге олай ойлайтынын түсіндіруден бас тартты.
"Боингте" қаза тапқандардың туыстары істің тұйыққа тірелуіне қатысты қатты алаңдайтынын америкалық елші Хукстраға жолдаған хатында білдіреді. Олар 2014 жылы мемлекеттік хатшы Джон Керри айтқандай, АҚШ-ты оқиғаға қатысты спутниктен түсірілген суреттерді сотқа ұсынуға шақырды. Алайда, ешқандай суреттер жіберілмеді. Бірақ Хукстра қазір қаза тапқандардың туыстарына алаңдап отырғандай сыңай танытып, белгілі бір дәрежеде бұған Ресейді айыптап отыр.
Соттағы істің тұйыққа тіреліп жатқанын түсінген Гаага Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағым түсіретін қадамға дейін барады. Ондағы көздеген мақсаты – жаңа шағым арқылы сот процесін мейлінше созу.
Ендеше, Нидерландымен, тіпті ресми емес топ шеңберінде болса да, қандай да бір диалогты бастаймын деп үміттенген Ресей не істеуі керек еді? Егер екінші тарап бәрін өзі шешіп қойған болса, қандай диалог туралы әңгіме айтуға болады?
Осындайда Сергей Лавровтың "Батыстың сыртқы саясатқа жауап беретін азаматтары өзара сыйластықтың қажет екенін түсінбейді. Мүмкін, біз олармен сөйлесуді біраз уақытқа доғаруымыз керек" деген сөзі еске түседі: Ресейдің MH17 бойынша консультациядан шығу туралы шешімі министрдің осы сөзін жүзеге асыру бағытында жасалған алғашқы қадамы деуге болады.