АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 25 қазаннан бастап Family village ауданында Е652 көшесінде бір бағытты қозғалыс енгізу жоспарланып отыр.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім тұрғындардың елорда әкімдігіне осы көшедегі қозғалысқа жасаған шағымынан кейін қабылданды.
Елордалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп, осы учаскелердің жол-техникалық жағдайын тексерген.
"Қозғалыс сағат тіліне қарсы бағытта болады. Белгіленген учаскеде бір бағытты қозғалысты енгізу көлік легінің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге, қарсы бағытпен қақтығыс жағдайын азайтуға, жол апатын болдырмауға мүмкіндік береді", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар бұл өзгеріс жол қозғалысын оңтайландыру үшін және көше-жол желісіне жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр.