НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Қазақстан 2021 жылдан бастап түрмедегі сотталушылардың тамағын жақсартуды жоспарлап отыр, деп хабарлады ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.
"Қазіргі бағамен есептегенде, тәуліктік норма бір адамға 630 теңгені құрайды. Министрдің (Ішкі істер министрі - Sputnik) тапсырмасы бойынша, біз бұл мәселені пысықтадық. Азық-түліктің тізімін және олардың салмағын 26-дан 32-ге дейін көбейту, түрлендіру және сапасын арттыру ұсынылды. 2021 жылдың басынан бастап тағамның күнделікті нормасы 1050 теңгені құрайтын болады", - деді ол ІІМ-де өткен брифингте.
Қазіргі тамақтану стандарты Қазақстанның тағамтану академиясының ұсынысы бойынша үкіметтің қаулысымен бекітілген. Бұл мәселемен мекемелердің өзі де, "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорны да айналысады.
"Ас үйдің жұмысшылары ретінде сотталғандар да, бостандықтағы азаматтар да еңбектенеді. Олар еңбек шартына сәйкес, тиісті жалақысын алады", - деп толықтырды өз сөзін Ешмағамбетов.
Оның айтуынша, тағамтану академиясы азық-түліктің қажетті калориясының мөлшері мен салмағын есептейді. Алайда, қылмыстық-атқару жүйесі қазіргі нарықтық бағаны және құқық қорғаушылардың ұсыныстарын ескере келе, түрмелерде берілетін тағам мейлінше әртүрлі болуы керек деп санайды.