НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан - Sputnik. Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев коронавирусқа байланысты карантинді күшейту жөніндегі қаулыға қол қойды.
Қоғамдық тамақтану мекемелеріне бір уақытта келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс (бұған дейін 50 адам болған). Дәмхана, бар, мейрамханалар 22.00-де жабылады. Таңғы сегізде ашылады.
Сауда ойын-сауық орталықтарына келушілер саны сыйымдылығының 20 процентінен көп болмауы керек.
Азық-түлік сататын дүкендер 22.00-ге дейін, азық-түлік емес дүкендер кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Сауда ойын-сауық орталығындағыдай шектеулер қарастырылған (20%).
СПА орталықтар, сұлулық салондары, шаштараздар кешкі 8-ге дейін ғана жұмыс істейді. Монша, сауна, фитнес орталықтар, жаттығу залдарының жұмыс уақыты - 8.00 - 20.00.
Жексенбі күні қоғамдық көлік тоқтайды.