НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Щучинскіде екі полиция қызметкері көз жұмған жол апатына кінәлі жүргізушінің мас күйде болғаны медициналық сараптамамен расталды.
Химиялық және токсикологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, қызметтік көлікпен соқтығысқан Lexus жүргізушісі орташа дәрежеде мас күйде болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған байланысты бұл істі қарау Қылмыстық кодекстің 346-бабының 6-бөлігіне (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас күйде көлік құралын басқару, соның салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру) ауыстырылды.
Бұл бап сегіз жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Жол апатына кінәлі жүргізушінің көлігінде мас күйде екі жолаушы болғаны анықталды. Олар түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Жантүршігерлік жол апаты видеоға түсіп қалды
Жол апаты 15 қазан күні түнде Щучинск қаласындағы Абылай хан мен Сейфуллин көшесінің қиылысында болды. Бағдаршамның қызыл түсін елең қылмаған Lexus автокөлігі жоғары жылдамдықпен полицейлер мінген қызметтік көліктің бүйірінен соғады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Учаскелік полиция инспекторлары алған жарақат салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты кезінде Lexus автокөлігін басқарған жүргізуші осы кезге дейін де бірнеше рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 200 және 346-бабына сәйкес (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз иелену; көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе масаң күйде адамның көлік құралын басқару) 2022 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Қаза болған полицейлер туралы не білеміз
Полиция капитаны Қанат Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін 22 рет марапатталған, оның артында үш баласы мен әйелі қалды.
Полиция капитаны Қанат Хамидуллиннің ішкі істер органында жұмыс істеп келе жатқанына 12 жыл болған. Осы уақыт аралығында ол 23 рет марапатталған. Марқұмның артында аяғы ауыр әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ішкі істер министрі қаралы отбасына көңіл айтты.
"Олардың кәсіби шеберлігі, әдептілігі, жұмысқа деген адалдығы басшылық тарапынан да, тұрғындар тарапынан да бірнеше рет жоғары бағаланды. Оларды әріптестері құрметтеді. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқандардың отбасы мен туыстарының қайғысына ортақтасады", – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.
Оқи отырыңыз: Блок бекеттегі апат: марқұм полицейдің әйелі алғаш рет қайғылы оқиға жайлы айтты