НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Қазақстанда 184 оқушы індетке шалдықты. Оның ішінде 73 бала кезекші сыныптарға барып жүрген. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазіргі таңда 184 оқушы коронавирус жұқтырды. Оның ішінде 73 бала кезекші сыныптарда оқыған", - деді Ғиният онлайн баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, індетке шалдыққандардың дені- Шығыс Қазақстан облысында. Бұл өңірде 17 мектепте барлығы 21 оқушы тіркелген. Әр білім ошағында бір-екі жағдайдан анықталды.
Екінші орында - Солтүстік Қазақстан облысы, 15 оқушы дертке шалдыққан. Қалғандары басқа облыстарда.
Вице-министр 73 оқушының 12-сі стационарда ем қабылдап жатқанын айтты, олардың жағдайы орташа. Ауыр жағдайда жатқандар жоқ.