НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады.
Шпекбаев агенттіктің биыл 9 ай ішінде атқарған жұмысының негізгі көрсеткіштері жөнінде есеп берді.
Ол жемқорлыққа қарсы заңнамаға түзету енгізілгені және Дүниежүзілік банктің жемқорлықты бақылау индексіндегі елдің көрсеткіші айтарлықтай жақсарғаны туралы айтты.
Президент Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясатын халықаралық стандарттарға сәйкес кешенді түрде жаңғыртуды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. Жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тарту туралы тапсырмалардың сапалы жүзеге асырылу және мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелдік шоттарының болуына тыйым салу қажеттігіне назар аударды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізудің және бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына жүйелі бақылау жасаудың маңызды екенін айтты. Бұл пандемия кезінде өте өзекті екені сөз болды.