Қоғам

Ауыл шаруашылығы министрлігі өлген құстарға өтемақы төлеу тәртібін түсіндірді

© Sputnik / Елена БережнаяНесколько инсинераторов круглосуточно сжигают павшую птицу в СКО, пришлось открыть дополнительный скотомогильник
Несколько инсинераторов круглосуточно сжигают павшую птицу в СКО, пришлось открыть дополнительный скотомогильник - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қабдолдановтың айтуынша, қазіргі кезде өңірлерде құс тұмауынан өлген құсқа өтемақы төлеу бойынша жұмыстар басталды

АЛМАТЫ, 13 қазан – Sputnik. Қазақстанда құс тұмауының шығыны айтарлықтай азайды. Соңғы бір тәулікте Солтүстік Қазақстанда ғана 22 құстың өлгені расталды. Бұл жайында ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстанның 7 облысының 78 елді мекенінде карантин енгізілді. Түркістан мен Ақтөбе облысында, Жамбыл облысының екі ауданы мен Ақмола облысының біреше ауданында, Қарағанды облысының 14 елді мекенінде, Қостанай және Қызылорда облысында құс тұмауы тіркелмеді.

"Соңғы бір тәуліктің ішінде 22 бас құстың шығыны туралы деректер, тек Солтүстік Қазақстанда ғана тіркелді. Республиканың басқа аймағында құстардың өлуі тіркелген жоқ", – деді Қабдолданов.

Сала мамандарының түсіндіруінше, Қазақстанда 46 миллион құс бар, оның ішінде құс тұмауынан болған шығын 0,9%-і құрап отыр.

Өтемақы қалай төленеді

Қабдолдановтың айтуынша, қазіргі кезде өңірлерде құс тұмауынан өлген құсқа өтемақы төлеу бойынша жұмыстар басталды.

"Құс шығынын өтеу статистика комитеті әрбір аймақ, әрбір аудан, елді мекен бойынша бекіткен баға арқылы төленеді. Ол әр аймақта құрылған комиссияның шешімімен анықталады. Бүгінгі күні 15 мыңнан аса құс басына дайындалған құжат келіп түсті. Оларға 75 миллион теңгеден астам қаражат аударылды", – деді ол.

Өтемақы алу үшін құстың иесі құстардың бар екенін растайтын құжатты әкімдіктен алады. Жеке шотын ашып, сол жерге өтемақы аударылады.

Қанша теңгеден төленеді

"Құстың нарықтағы орташа бағасы өңірлер мен елді мекендерде әртүрлі. Құстың нарықтағы орташа бағасы 800-1200 теңге арасында болып отыр. Мұны аймақтағы комиссия шешеді", – деп нақтылады спикер.

Айтуынша, кей өңірде құс қырылғанымен олардан құс тұмауы анықталмаған. Мысалы, Шымкент қаласына 245, Түркістан облысында 353, Ақтөбе облысында 25 құс қырылған. Алайда олар құс тұмауынан өлмеген.

Оқи отырыңыз: Құс тұмауы адам үшін қауіпті ме - ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

Айта кетейік, Қазақстанда 64 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның ішінде 35 фабрика жұмыртқа өндірумен айналысса, 29 фабрика ет өндіреді. Құс тұмауы Қостанай облысы мен Солтүсік Қазақстан облысындағы фабрикаларда тіркелді. Бұл екеуі де жұмыртқа өндірумен айналасып келген болатын. Құс тұмауы тіркелген екі ошақта 361 мың құс шығыны болып, 45 мың құс жеке аулада қырылды.

Жаңалықтар
0