НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Бүгіннен бастап қайта өңдеуге тапсырылған жүк көліктері үшін ақшалай өтемақы беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Оператор ӨКМ" ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"12 қазаннан бастап индустрия және экология министрліктерінің келісімімен ескі көліктерді қайта өңдеуге (утилизация) қабылдау бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Бұдан былай тозығы жеткен жүк және жолаушылар көлігін тапсыратындарға да ақшалай өтемақы беріледі", - делінген ресми хабарламада.
"Қимай қалады": Елордада утилизацияға мінсіз көлігін тапсыратындар да бар
Кәдеге жаратуға тапсырылатын көліктердің өтемақысы айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) бағаланады. Мәселен, М2, N1 (салмағы 1,3 тоннадан кем көлік құралын қоспағанда) және N2 санатындағы көлік құралдарына 144 АЕК (400 032 теңге) беріледі. Ал осы санаттағы толық емес жиынтықтағы көліктерге 126 АЕК (350 028 теңге) төленеді.
"Ауыр салмақтағы жүк көліктерінің (М3, N3 санаты) толық жиынтығы үшін 600 мың теңге (216 АЕК) берілсе, толық емес жиынтығы 550 мың теңгеге (198 АЕК) дейін бағаланады", - дейді мамандар.
Көлік тапсырғандардың өтемақысы екі күннің ішінде банктегі есепшотқа аударылады. Ал жүк және жолаушылар көліктері үшін жеңілдік сертификатын беру бағдарламасы уақытша тоқтатылады.
Айта кетейік, істен шыққан көлік құралдарын кәдеге жаратуға қабылдау бағдарламасы іске қосылғаннан бері республика бойынша 150 мыңға жуық көлік тапсырылды. Соның ішінде 2596 дана орташа тонналық техника, 600-ге жуық ауыр салмақтағы көлік құралдары бар. Барлығы Қарағанды қаласындағы ескі көліктерді қайта өңдейтін зауытқа жіберіледі.