Қоғам

Премьер-министр мектептерді дәстүрлі форматқа ауыстыру туралы айтты 

© Sputnik / Абзал КалиевУчитель в маске и перчатках в дежурном классе
Учитель в маске и перчатках в дежурном классе  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл республика бойынша 3,4 миллион бала мектепке барды. 2 613 428 оқушы қашықтан білім алса, 252 343 бала штаттық режимде оқиды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Қазақстанда мектептерді штаттық режимге ауыстыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәжілісі депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мемлекет басшысының тапсырамасы бойынша қазіргі кезде салалық мемлекеттік органдар дәстүрлі білім беру формасына оралу және кезең-кезеңмен жеңілдету мәселелерін пысықтап жатыр", – деді Мамин үкіметтің ресми сайтында жарияланған жауапта.  

Оның айтуынша, бүгінде көптеген аймақтарда мектептердің тығыздығы жоғары, яғни, бір уақытта сабаққа өте көп оқушы барады. Қашықтан білім беру жүйесін енгізудің тағы бір себебі осы. Ондайда инфекция жылдам таралады.

"Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 12 жастағы және одан үлкен балалар коронавирустық инфекцияның таралуында белсенді рөл атқарады. 2020 жылдың 4 қазаны бойынша оқушылар арасында коронавирус жұқтырған 136 бала анықталды. Олардың 51-і кезекші сыныптардың оқушылары болса, 85 бала қашықтан білім алып жүр", – деп атап көрсетті премьер-министр.

Биыл республика бойынша 3,4 миллион бала мектепке барды. 2 613 428 оқушы қашықтан білім алса, 252 343 бала штаттық режимде оқиды. Ал 546 776 оқушы кезекші сыныптарға барып жүр.

Премьер-министрдің ақпараты бойынша 679 мың оқушыға қажетті компьютерлік техника берілді. Бұдан бөлек, 7 013 мектеп (97,6%) жылдамдығы 4 Мбит/с болатын интернетке қосылды.

Оқи отырыңыз: Кезекші сынып мұғалімдерінің жалақысы артады – қосымша қаржы қайдан алынады

Айта кетейік, бұған дейін мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, қашықтан білім беруді дәстүрлі форматқа немесе аралас жүйеге ауыстыруды талап еткен.

Жаңалықтар
0