НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Белгілі қазақстандық нумеролог Қырғызстандағы тұрақсыздық пен халықтың жиі бас көтеруін ел тәуелсіздігі мен Конституция күндерінің дұрыс таңдалмауымен байланыстырды. Сандарды "сөйлеткен" Құралай Бақытқызы айыр қалпақты ағайынға мемлекет үшін ең маңызды даталарды басқа күнге ауыстыруға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қырғызстан елдің басты заңы – Конституцияны 1993 жылы 5 мамырда қабылдады. Ал Тәуелсіздік күні 1991 жылдан бері 31 тамызда тойланады.
Нумеролог осы екі датаны зерттеп көрген. Айтуынша, қос мейрамның цифрларын бір-біріне қосқан кезде "5" саны шығады. Ал "5" нумерологияда тұрақсыздықты білдіреді.
"Екі мерекеде де бірдей сан шықты. "5" нумерология бойынша тұрақсыздық деген сөз, көшпенділер саны саналады, адамдар үйде көп отыра алмайды. Ал тұтастай ел үшін бұл, әрине, оң белгі емес. Әр келген буын артынан өшпес із қалдырып кете алмайды, жамандыққа бет бұрып жатады. Кезінде Гитлердің туған күні мен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күніне зерттеу жүргізіп едім. Ол жерде де осы 5 саны шыққан болатын. Яғни, бұл цифр адамдарды соғысқа итермелеп отырады", - деді Құралай Бақытқызы.
Қырғызстанның тарихына үңілсек, мынадай қызық фактіге тап боламыз. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл елде бес президент болған. Таңғаларлығы, экс-басшылардың бәрі биліктен 61 жасында кетіпті. Ал республиканың қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков 16 қарашада 61 жасқа толады екен.
"Нумерологияда әр нәрсе "6" санымен байланысты, мүшел жас сияқты қайталанып отырады. Мәселен, адамның өмірінде алты жылда бір жақсы, табысты немесе керісінше жаман жыл болуы мүмкін. Сосын 60 жыл 6 ай сайын қайталанатын цикл бар. Міне, қырғыздарда алпыс жылда бір түбегейлі өзгеріс болып тұрады. Ел арасына іріткі салу, арандатушылық, ашу-ыза деген сияқты, халық әділдік іздеп көшеге шығады. Бірақ, бұл сол елді басқаратын президентке байланысты емес. Жалпы, халықтың өзі көтеріліске жақын, бірінші ақылмен емес, эмоциямен әрекет етеді. Сол себепті қазіргі президенттің де қызметтен кету қаупі бар, әрине. Өйткені 61 жасқа толған кезде, 5 саны бәрін нөлге айналдырып, жаңа цикл басталады," – деді нумеролог.
Тағы оқыңыз: Ақорда Қырғызстандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Құралай Бақытқызы қырғыз елінің президентіне Конституция мен Тәуелсіздік күнін ауыстыруға кеңес берді.
"Ата заң күнін 5 мамырдан 6 мамырға, ал Тәуелсіздік күнін 31 тамыздан 30 тамызға ауыстырған жөн. Сол кезде елде тұрақтылық орнайды. Егер ауыстырмаса, онда билік пен халық арасында үнемі келіспеушілік болады. Халық ылғи бас көтеруге дайын тұрады", - деп ескертті маман.
Жалпы, оның айтуынша, қазан айы – қорғаныс пен қауіпсіздік айы. Күздің екінші айында көбіне "КНБ" адамдары дүниеге келеді екен.
Қырғызстанда не болып жатыр
5 қазан күні Бішкекте оппозиция жақтастары Ала-Тоо алаңына жиналып, парламенттік сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тануды талап етті. Бейбіт түрдегі митингтер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Нәтижесінде олар Ақ үйді басып алып, бұрынғы президент Атамбаевты босатты. Елде жаңа премьер-министр тағайындалды, ал саяси партиялар екі Үйлестіру кеңесін құрды.
Қазақстан билігі көрші елдегі ахуалға қатысты өз позициясын білдірді. Ақорда Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар сол елдің ішкі мәселесі деп санайды және қырғыз халқы күрделі жағдайдан шығудың тиімді жолын табады деп пайымдайды.