НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі үкіметтегі әріптестерімен бірлесіп бетперде және ПТР-тест бағасын төмендету мәселесін қарастырады. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте ПТР-тест пен бетперде бағасын төмендетуді тапсырған еді.
Оқи отырыңыз: Денсаулық министрлігі індетті жұқтырғандар саны қайта көбейіп жатқанын мәлімдеді
"Қазақстанда бетперденің бағасы 60 теңге төңірегінде болса, көрші елде, мысалы Ресейде 20-30 теңге екен. Енді ол экономикаға, қаржыға байланысты сұрақтар болғаннан кейін біздің әріптестеріміз, басқа министрліктер де бұл мәселені қарастырады деп ойлаймын. Өйткені бұл нарықтық мәселе. Ал жалпы, елімізде соңғы төрт-бес айдың ішінде бетперденің бағасы біршама түсті", - деді Қожахметов онлайн брифингте.
Ол қазіргі таңда күніне 40 мыңнан астам ПТР тестілеу өткізуге мүмкіндік барын айтты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 67 мыңға дейін өспек.
"Президенттің берген тапсырмалары өте орынды. Неғұрлым көп азамат ПТР тестен өтсе, соғұрлым елдегі эпидемиологиялық жағдай нақтылана түседі. Сол нәтижелерге байланысты шешім қабылдауға болады. Сол шешімдердің арқасында азаматтардың көпшілігін індеттен қорғауға мүмкіндік туады", - деді ол.