Экономика

Экономистер теңгенің болашағына болжам жасады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге, доллары
Деньги, тенге, доллары - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сарапшылар пандемиядан кейін іскерлік белсенділік жанданған кезде валютаға сұраныс артып, теңге құнсызданады деген пікірде

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Осы аптада теңгенің долларға шаққандағы бағамы біршама өзгерді. Ұлттық валюта бір-екі теңгеге нығайды. Дегенмен бір жылдың ішінде, тіпті жарты жылдың айналасында доллар күшейеді. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар теңгенің болашағына болжам жасады.

Теңге жыл соңына дейін құнсызданады  

Экономист Арман Байғановтың пікірінше, бұған дейін ұлттық валютаның құнсыздануына бірнеше фактор әсер еткен. Мұнай бағасы арзандады. Ресей рублі де күрт құнсызданып кеткен. Алайда қазір жағдай түзеле бастады. Соңғы үш күннің ішінде ұлттық валюта долларға шаққанда бір-екі теңгеге күшейді. 

"Жалпы, бір-екі теңге – бұл қалыпты жағдай. Дегенмен жыл соңына дейін теңге әлсірейді деп ойлаймын. Бәлкім, 445-ке дейін барып қалады. Себебі коронавирустың екінші толқыны болады деген қауіп бар. Ондайда мұнай бағасы көтерілмейді", - деп түсіндірді Байғанов.

Маманның айтуынша, елдің ішкі экономикалық жағдайы да мәз емес. Карантиндік шаралар сақталып отыр. Демалыс күндері сауда орталықтары мен базарлар жабық тұрады. Бұның барлығы теңгеге кері әсерін тигізіп жатыр. Себебі іскерлік белсенділік әлі де төмен. Ондайда бюджетке аз ақша түседі. 

Оқи отырыңыз: Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты мәлімдеме жасады 

"Сосын салық жағынан жеңілдік жасалды. Демек бюджетке ақша түспейді. Ол да ұлттық валютамызға теріс әсер етеді. Сондықтан теңгенің күшеюіне негіз жоқ. Ол біртіндеп жыл соңына дейін құнсыздана береді", - деп атап өтті Байғанов.

Доллар 500-ге дейін бара ма?

Ал қаржы сарапшысы Айдархан Құсайыновтың ойынша, алдағы бір жылдың ішінде ұлттық валюта айтарлықтай құнсызданып, доллардың бағамы 500 теңгеге дейін барып қалуы мүмкін.

"Алдағы уақытта теңге тағы құнсызданады. Ал қазіргі жағдай көбінесе Қазақстанның ішкі оқиғаларымен байланысты. Ұлттық қордан жасалған трансферттер және тағысын тағы. Жаһандық оқиғалардың қатысы жоқ. Меніңше, теңгенің рубльге шаққандағы қазіргі бағамы тым жоғары. Сондықтан ұзақ мерзімде ол құнсыздануы тиіс", - дейді Құсайынов.

Сарапшының айтуынша, биыл ұлттық қордан бюджетке біраз трансферт құйылды. Ал осы жұмыс тоқтағанда жағдай өзгереді. 

"Жалпы, биыл дисбаланс болды. Біз ұлттық қордың есебінен валютаға деген ұсынысты ұстап тұрдық. Алайда сұраныс тым төмен болды. Пандемиядан кейін келесі жылы іскерлік белсенділік жанданғанда валютаға сұраныс көтеріледі. Транферттер керісінше азаяды. Сол кезде баланс бұзылады, теңге де құнсызданады. Меніңше, бір жылдың ішінде 500-ге дейін барып қалады", - деп атап өтті Құсайынов.

Жаңалықтар
0