Қоғам

Қылмыстық кодекске "қылмысқа арандату" бабы енгізіледі

© Sputnik / Абзал КалиевУголовный кодекс Казахстана
Уголовный кодекс Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Yandex newsTelegram
Бектеновтің айтуынша, мұндай қадам азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейтіп, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қосымша тосқауыл болады

АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Қылмыстық кодекске "қылмысқа арандату" бабы енгізіледі. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Соған сәйкес, тергеу қызметкерлері қылмысқа араңдатушылық әрекеттері үшін 3 жылдан 12 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Айтуынша, Қылмыстық кодекске "қылмысқа арандату" деген 412-1-бап енгізіледі. Ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады.

"Жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның, кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттер қылмысқа арандатуға жатқызылады", - деді Олжас Бектенов.

Аталған бап әрекеттердің ауырлығына және салдарына байланысты үш бөліктен тұрады.

"Жазаның ең төменгі мерзімі – 3 жылға бас бостандығынан айыру және жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру. Ал ең жоғарғы санкция – 12 жылға бас бостандығынан айыру. Бұл ретте азамат белгілі бір лауазымды атқару құқығынан он жылға айырылады", - деді ол.

Бектеновтің түсіндіруінше, бұл азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейтеді. Сонымен қатар лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қосымша тосқауыл болады.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызметшіге сыйлық беруге тыйым салынды – қандай жаза қарастырылған

Айта кетейік, мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Соған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлық, материалдық сыйақы беруге толық тыйым салынған.

Жаңалықтар
0