АЛМАТЫ, 6 қазан – Sputnik. Адвокат Абзал Құспан қылмыстық кодексте сексуалдық сипаттағы қылмыстарға қатысты заңның қатаңдатылғанын, тек 122-бапта ("16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау") ғана балама бар екенін айтады.
Ол 2019 жылы президент нұсқауымен Қазақстанда балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық қылмыстың аса ауыр санатына жатқызылғанын алға тартады. Соған сәйкес, баланы зорлау, кәмелетке толмағандарға қатысты нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін жаза қатаңдатылды. Баланы зорлағаны және өлтіргені үшін қылмыскер өмір бойына сотталуы мүмкін.
Алайда, кейінгі кезде Қылмыстық кодекстің 122-бабын да ("16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау") қатаңдатуды ұсынып жүргендер бар. Бұл ұсыныс Оралда 12 жастағы баламен жыныстық қатынасқа түскен ер адамға қатысты екі жарым жылға бас бостандығын шектеу үкімі шыққаннан кейін қоғам арасында айтыла бастады.
Sputnik Қазақстан тілшісі аталған бапты қатаңдату керек пе сұраққа жауап іздеп, заңның жай-жапсары жайлы мамандардан сұрап, білді.
Қоғамда қызу талқыланған Оралдағы оқиға
Жақында Оралда алқабилер соты 12 жастағы баламен жыныстық қатынасқа түскен ер адамға қатысты үкім шығарды. Бастапқыда ер адам "жас баланы зорлау" бабы бойынша айыпталды. Кейін іс "16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" бабына ауысты.
Айыпталушы тарап істі алқабилердің қарауын сұраған. Ал алқабилер соты іс барысында жыныстық қатынасқа қыздың өзі келісім берді деген тұжырым жасады.
Осы істен кейін әлеуметтік желіде дәл осы "тәсілді" пайдалана отырып, жазадан құтылып кететіндер бұдан былай көбейіп кетуі мүмкін деген пікір айтылды.
Ал адвокат Абзал Құспан қылмыстық кодекстің қандай да бір бабын қатаңдату арқылы әділет орнатуға болады деген пікірден аулақ болуға шақырды.
"Таяқтың екі ұшы бар, соны көп адам ескергісі келмейді. Бапты жөнді-жөнсіз ауырлатайық дейді. Заң – қоғамдық ғылым. Сондықтан оған қатысты пікір айтуға тыйым сала алмаймыз", - дейді Абзал Құспан.
Адвокат осы жерде "жазықсыз адамдар сотталып кетсе, не болады?" деген сұрақ туындайтынын айтады.
"Тіпті, желі қолданушысының бірі он адамның ішінде бір адам жазықсыз соттала берсін депті. Жазықсыз сотталып бара жатқан адамның жанайқайын сол істі басынан аяғына дейін алып жүрген заңгерлер ғана көреді", - дейді ол.
Қылмыстық кодекстің бес бабы
Қазақстанда қылмыстық істер бойынша төрт санат бар: онша ауыр емес, орташа ауыр, ауыр, аса ауыр.
Ал Қылмыстық кодексте сексуалдық сипаттағы қылмысқа қатысты бес бап бар.
Соның ішінде адамға күш қолданып немесе күш қолдану қатерін төндіріп, адамның дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау қылмыстық кодекстің 120-бабында қарастырылған:
- 121-бап – сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері;
- 122-бап – 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау;
- 123-бап – жыныстық қатынас жасауға мәжбүр ету;
- 124-бап – жас баланы азғындық жолға түсіру.
Заңға сәйкес, зорлық-зомбылық, сексуалдық қатынасқа түсу секілді істер жабық жағдайда өтеді. Істің мән-жайын судья, прокурор, адвокаттың жарыққа шығаруға құқығы жоқ. Бұл – жәбірленушінің мүддесі үшін жасалған тыйым.
"120-бап – ол адамды зорлау. 122-бап – кәмелет жасына толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Бір оқиғаға қарап, заңды қатаңдатуға болмайды. Мысалы, 15 жастағы қыз бен 17 жастағы ер бала бірге тұрамыз деп шешеді. Азаматтық некеде тұрады. Содан кейін әке-шешесіне жағдайды айтады. Олар полицияға арыз береді. Өзінен бір жас кіші адамды алдаған жоқ, қулық жасаған жоқ. Жай ғана екеуі бірге тұрамыз деп шешті. Жастықпен, бір-бірін сүйіп сондай әрекетке барды. Ал мұндай жағдайда да балама таппай (алтернатива), бірден соттап жіберу керек пе?! Бұл жерде өте мұқият болу керек", - дейді Құспан.
Жақында Ақтөбеде 17 жастағы жасөспірім 15 жастағы қызбен қыз-жігіт болып кездесіп жүрген жастарға қатысты іс қозғалды. Екеуі үйден қашып кетіп, жыныстық қатынасқа түскен. Оны білген соң қыздың анасы сараптама жасатуды талап етеді. Артынша ер бала ҚК-тің 122-бабы бойынша қамауға алынды.
Бұл туралы "НеМолчиKZ" зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорының жетекшісі Дина Смайылова жазды. Айтуынша, Ақтөбенің тергеу соты жасөспірім баланы екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.
Қыздың анасы да сараптаманы талап еткен кезде заңның осындай қатал тұсы бар екенін білмеген. Енді бала 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал заңгер Абзал Құспанның айтуынша, осы бес баптың ішінде тек 122-бапта ғана балама бар. Демек, жәбірленуші өзі кешірім беріп тұрса, жәбірленушінің ата-анасы ешқандай талабымыз жоқ деген жағдайда, сот бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауға құқылы.
"Зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты қалған баптың барлығы қатаңдатылды. Бұл бойынша адам баласы өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір өлім жазасы жоқ, орнына осындай бап қарастырылған", - дейді ол.
Сот неге сүйенеді?
Сот үкім шығармас бұрын бірқатар сараптама жүргізеді. Абзал Құспан сараптама арқылы адамның қолын өз еркінен тыс қайырғаны және шашынан тартқаны да оңай анықталатынын айтты.
"Жәбірленушінің өз сөзінен бөлек, оның өз еркімен қарым-қатынасқа түскені, зорлық әрекеті болмағаны 100%-ке дейін сараптама арқылы анықталады. Баланың ақыл-есі, психологиясына да арналған тиісті сараптамалар бар. Оның астарында жасөспірімнің ол әрекетті түсіну-түсінбеуі де қаралады. Осы секілді көптеген факторлар ескеріліп, содан кейін ғана үкім шығады", - дейді ол.
Заңгердің айтуынша, 122-бап бойынша айыпталған адамның барлығы бостандыққа шыға бермейді.
"Баптың санкциясын жоғарылатып қою арқылы ешқандай әділдікке қол жеткізе алмаймыз. Қоғамдық бақылауға алу десе, бұл басқа әңгіме. Сот процесін қайта қарау десе, ол да түсінікті. Алайда, 122-баппен адамдар бостандыққа шығып кете беруге болады деген түсінік болмау керек. Бұл баппен де адам бас бостандығынан айырылады", - дейді ол.
122-бап бойынша 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге байланысты бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер сексуалдық әрекет жасөспірімнің ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог тарапынан жасалса, жеті жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер осы әрекеттер бірнеше рет жасалса, екі не одан да көп адамға қатысты жасалса, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.
Алқабилер соты қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда 2007 жылы бірінші қаңтарда "Алқабилер туралы" заң қабылданды. Оның құрамына 11 адам кіреді, ішінде бір адам – кәсіби судья, қалғаны – жан-жақты сұрыпталып алынған қоғам өкілі. Елімізде 25 жасқа толған азамат алқабилер соты құрамына кіре алады. Олар аса ауыр қылмыстық істерге қатыса алады. Барлығы бір-бір дауысқа ие. Егер ішінде алты адам күдікті "қылмыс жасамаған" десе, шешім солай шығады.
Оның айтуынша, алқабилер соты Қазақстанда енгізілген бойда бізде ақтау үкімдері көбейіп кетті. Себебі, адвокатура – мықты, прокуратура – әлсіз. Прокуратура айыптау актісін оқиды да, отыра береді. Процестің бәрі айыптау бағытында жүреді.
Оның айтуынша, алқабилер соты Қазақстанда енгізілген бойда бізде ақтау үкімдері көбейіп кетті. Себебі адвокатура – мықты, прокуратура – әлсіз. Прокуратура айыптау актісін оқиды да, отыра береді. Процестің бәрі айыптау бағытында жүреді.
"Әдетте судьяның шешіміне разы болмайтын жағдай көп болады, себебі судья айыптаушы тарап – прокурордың айтқанынан шыға алмайды. Біздің халықтың да түсінігі солай қалыптасып кеткен. Егер іс сотқа жетсе, онда соттау керек деп ойлайды. Бүге-шүгесіне бару, жазықсыз адамды ақтап шығуды ойлай бермейді", - дейді Абзал Құспан.
Адвокат адамдардың осындай кезде "жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды" деген мақалды орынды-орынсыз қолданатынын айтады.
Статистика не дейді?
Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасы бойынша, 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсетуге қатысты 550 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 250 қылмыс күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіз күйін пайдалану арқылы жасалған.
Полицияның айтуынша, қылмыстың жартысынан көбін баланың айналасындағы жақын таныстары жасайды. Ал жәбірленушілердің 61,3%-і 14 жасқа толмаған балалар.
Оқи отырыңыз: Өлім жазасын қандай қылмыстар үшін қалдыруы мүмкін?
Мамандар көп жағдайда жәбірленуші бала зорлық жасаған адамды танитынын айтады. 26,4%-інде қылмысты баланың немесе отбасының таныстары жасайды, 17%-і анасының күйеуі немесе бірге тұратын адамы, 7,5%-і – туыстары, ал 6,6%-інде өз әкесі, 1,9%-і – көршілері тарапынан зорлық көреді. 40,6%-і - бейтаныс адамдар тарапынан жасалатын қылмыс.