НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Қазақстандық полицейлер шерифтер моделін зерделейді. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің кадр саясаты депаратментінің бастығы Айдар Сайтбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз АҚШ, Ұлыбритания мен Канада сияқты мемлекеттерде кеңінен тараған шерифтер моделін зерделеп шығуды жоспарлап отырмыз. Ол жағынан АҚШ елшілігі көмектесуге дайын", - деді Сайтбеков онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде полицияны сервистік модельге ауыстыру аясында бірнеше пилоттық жоба қолға алынды.
"Ондай модель ЕҚЫҰ-ның қолдауымен Қарағанды қаласында сынақтан өтіп жатыр. Сосын облыстық әкімдік аясында дәл сондай жоба қолға алынды", - деп атап көрсетті Сайбеков.
Осы орайда департамент басшысы "Полиция жақын жерде" қағидатының мән-маңызын да түсіндіріп өтті.
"Бұл полицияның бәрі дәл қазір көшеге шығуы тиіс деген сөз емес. Құқық қорғаушылар полицияның көмегі қажет жерде ғана жүру керек. Шартты түрде үш орын бар. Біріншісі – қауіпсіз орын, ол жерде полицияның қажеті жоқ. Екіншісі – ішінара қауіпсіздік орны, ондайда белгілі бір уақытта, мысалы, адам көп жиналған кезде полиция келеді. Үшіншісі – қауіпті орындар, ол жерде құқық қорғаушылар үнемі жүруі керек", - деп атап көрсетті Сайтбеков.