Оқиға

Теміртауда полицей қызметтік көлігімен ер адамды қағып өлтірді

© Sputnik / Владислав ВодневПолиция мен жедел жәрдем көліктері, иллюстративті сурет
Полиция мен жедел жәрдем көліктері, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тәртіп сақшысы жол апаты кезінде сау болған, сотқа дейінгі тергеу басталды. Облыстың полиция департаментінің басшысы істі өз бақылауына алды

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Теміртауда полиция сержанты қызметтік автокөлікпен 65 жастағы ер адамды қағып кетті. Салдарынан зейнеткер ауруханада жан тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол апаты 3 қазан күні Теміртау қаласында болды. "Лада Веста" қызметтік автокөлігін тізгіндеген полицей Восточная көшесіне қарай Республика даңғылымен кетіп бара жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде 65 жастағы ер адамды қағып кетті.

Департаменттің мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні қалада тұман түскен, жол нашар көрінген.

"Жол апаты салдарынан ер адам Теміртау қаласының ауруханасында көз жұмды", - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Оқиға орнына Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жеке құрам инспекциясы, Теміртау қаласы прокуратурасының өкілдері барды.

Тағы оқыңыз: Тоғыз адам көз жұмды: Атырау облысында жантүршігерлік апат болды

Полиция сержанты олардың көзінше наркологиялық диспансерде тексерістен өтті. Тәртіп сақшысы сау болған.

Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейін айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық іс облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының өндірісінде.

Тергеу жан-жақты және объективті жүреді, деп сендірді полицейлер. Облыс полициясының басшысы істі өз бақылауына алды.

Жаңалықтар
0