НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. "Nur Otan" партиясы праймеризде онлайн дауыс беру мерзімі ұзартылғанын хабарлады.
Дауыс берудің белгіленген мерзімі – 2020 жылдың 3 қазаны сағат 14.00-ге дейін.
"Веб-сайт және мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс беру мерзімін тура бір тәулікке, 2020 жылдың 4 қазаны сағат 14.00-ге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды", - делінген партияның хабарламасында.
2 қазан сағат 17.00-дегі жағдай бойынша праймеризде 446 297 сайлаушы немесе жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 57%-ті дауыс берді.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында мектеп директоры ұстаздарды күйеуіне дауыс беруге мәжбүрлеген
Сондай-ақ партия жұртшылықтың партияішілік сайлауға жоғары қызығушылық танытуынан (сайтқа бір мезгілде 100 мың және одан да көп адам кірген) дауыс берудің алғашқы сағаттарында сайт ашылмай қалып, уақытша қиындықтар туындағанын атап өтті. Салдарынан партияның көптеген мүшесі дауыс бере алмаған. Қоғамдық қабылдаудың колл-орталықтарына 1,5 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның 828-і дауыс беру кезіндегі техникалық қиындықтарға қатысты болған.
"Сондай-ақ, партияның ұйымдастыру комитеттеріне партиялықтар мен кандидаттар тарапынан дауыс беру мерзімін ұзарту туралы өтініштері келіп түсті. Өтініштерде дауыс беру жұмыс күндері өтіп жатқандықтан таңдау жасауға уақыт жетпей жатқаны айтылған", - деп жазылған партияның ресми хабарламасында.
Сонымен қатар, ертең, 3 қазанда, сағат 08.00-ден 14.00-ге дейін сайлау учаскелері жұмыс істейді. Өз кандидатына дауыс бере алмаған азаматтар жаппай учаскелерге келу қаупі бар. Пандемия жағдайында бұл коронавирус инфекциясын жұқтыруға әкелуі мүмкін.
Жоғарыда баяндалған жағдайлар ескеріле отырып, онлайн дауыс беруді ұзарту туралы шешім қабылданды.
Үгіт-насихат жұмыстары сенбі, яғни 3 қазан күні сағат 14.00-де сайлау учаскелерінің жабылуымен бір мезгілде аяқталатынын атап өту қажет.