НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша шараларды бекітті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазіргі кезде республика бойынша жағдай тұрақты. Бірақ басқа елдерде жағдай нашарлап жатыр. Осыған байланысты инфекцияны Қазақстанға кіргізбеу үшін ведомствоаралық комиссия 5 қазаннан бастап қосымша шараларды бекітті", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Қазақстан басқа елдермен әуе рейстерін тоқтатады
Комиссияның шешіміне сәйкес, бірнеше шара қарастырылған. Олар:
- басқа елдермен әуе рейстерін қалпына келтіруді тоқтату;
- бұған дейін ашылған әуе рейстерінің санын көбейтпеу;
- Түркияға рейстерді қысқарту.
Бұдан бөлек, екінші санаттағы елдерден келетін азаматтар үшін міндетті талаптар бекітілді. Олар:
- Дене қызуын өлшеу;
- Сауалнама;
- Коронавирусқа тест тапсырғаны туралы анықтама (мерзімі – 3 тәулік).
"Анықтама болмаған жағдайда азаматтар екі тәулікке карантиндік стационарға орналастырылады. COVID-19 тесті вирусты жұқтырғанын көрсетсе, инфекциялық стационарға жатқызылады. Ал инфекция табылмаса, үйіне қайтады", - деп түсіндірді Цой.
ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен өткізу бекеттерінде де дәл сондай талаптар енгізіледі.