НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президентке экономикалық өсімді қалпына келтіруге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының негізгі қағидаларын жүзеге асыру жайында баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы басқаратын құрылымдарды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің механизмдерін жетілдіру, инвестиция тарту шаралары жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салу және тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту мәселелері сөз болды.
Оқи отырыңыз: Ауыл әкімдерін халық сайлайды – Тоқаев
Мемлекет басшысы ауылдық жерлерді дамытудың перспективаларына, соның ішінде "Ауыл – ел бесігі" жобасына ерекше назар аударды. Осы бастаманың аясында бес жыл ішінде 3500 ауылды жаңғырту көзделуде. Президент ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның сапасын қалалық деңгейдегі стандартқа жақындатуды тапсырды.
Кездесу барысында микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий үш жыл ішінде 100 мыңға жуық тексерісті болдырмауға мүмкіндік беретіні аталып өтті. Бұл бизнесті ретке келтіру ісінің жаңа парағын ашуға оң ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бизнес жүргізу ісін реттеуді және салық салуды жеңілдету жөнінде бірқатар тапсырма берді.